8 жыл бұрын апаттан жарты денесі күйіп қалған машинист қалаған ісін ел қатарлы атқарып жүр

Маңғыстаулық машинист Берік Құлбарақов – бүгінгі жастар үшін ерлік пен өрліктің хас үлгісі. Небәрі 33 жасында тепловозы жанар-жағармай тиеген жүк көлігімен соқтығысып, алапат өрт арасынан тірі шығып қана қоймай, төтенше жағдай кезінде қолданылатын нұсқаудың бәрін орындаған жігіттің ғаламат ерлігі жайлы кезінде көп жазылды.

Осы оқиғадан соң денесінің 35-40 пайызын күйік шалып, ауруханада ұзақ уақыт емделген Беріктің ем-домын түгел ҚТЖ компаниясы өз мойнына алды. Сол жылы теміржолшылардың кәсіби мерекесінде батыр машинисті Ұлттық компанияның сол кездегі басшысы Асқар Мамин «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапаттады.

Содан бері 7-8 жыл уақыт өтті. Беріктің қайта тепловозға отыратынына күмән көп болған. Бірақ, Құрметті теміржолшы төсбелгісін төсіне таққан жас жігіттің «Мен бәрібір өз тепловозыма қайта ораламын» деген сөзі оның қайсар болмысы мен өр мінезін танытқан да, мақсатына жетпей қоймайтыны белгілі болған. Солай болды да. Берік Ғалымұлы – бүгінде Маңғыстау локомотив депосында үшінші класты машинист. Теміржолшылар отбасынан шыққан, атакәсіпті жалғаған жігіттің басқа тағдырды таңдауы мүмкін де емес еді. Атасы өмір бойы жолшы болса, әкесі машинист болып қырық жыл тер төккен екен.

− Бала кезден әкемнің тепловозына мініп өскен мен үшін теміржолшыдан асқан құрметті мамандық, машинистен мәртебелі кәсіп болған жоқ. Мектеп бітірген соң еш ойланбастан локомотив депосына слесарь болып барып, бірнеше жылда машинист көмекшісі, одан машинист болдым, – дейді Берік.

2013 жылы болған сол сұмдық оқиғаны Берік есіне ала бергісі келмейді. Сай-Өтес-Маңғыстау бағытымен келе жатқан тепловоз өткелге жақындағанда цистерналы жүк көлігі теміржолдың үстінде тұрып қалған сәтте төбе-құйқасына дейін шымырлап кеткенін, жандәрмен тежегішті басқанмен, екпінмен келіп соққанын біледі. «Ес жисам, жүк көлігінің талқаны шыққан, алапат өрт басталған. Сүйретіліп тұрып артқы секцияға өтіп диспетчерге хабарлап, артта келе жатқан пойызға ескертіп, көмекшімді іздедім. Ол секіріп кетіп, өрт жақта қалып қойып, қаза тапты. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем дабылдатып келе жатқанын көріп қайта есімнен тандым…» деп еске алады.

Ауруханадан үшінші топ мүгедектігін алып шығып, бір жыл ем-дом алып, денсаулығы жақсара бастағасын жұмысқа шыққан Берікті депо басшылығы жеңіл-желпі жұмысқа ауыстырады. Бірақ, бірнеше жылдан соң қайта сұранып, денсаулығы жайлы анықтама жинап, алдымен машинист көмекшісі болса, 2015 жылы тепловоздың оң қанатына отырып, көздеген мақсатына қол жеткізді.

«Қазақстан теміржолшысы» ведет летопись железной дороги Казахстана.