Түркістан облыс орталығына айналғалы құрылыс материалдарын тасымалдауға сұраныс артқан

Түркістан десе көз алдымызға Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тайқазан, көне шаһар, Жібек жолы сұлбасы елес беріп, Күлтөбе қалашығы сынды өткен ғасырдың тарихи жәдігерлері келеді. Түркістан станциясы өткен ғасырдың басында пайда болды. Түркістан облыс орталығына айналған үш жыл ішінде станция қалай өзгерді? Көне қаланың жаңа статусы станцияның жұмыс көрсеткішіне қаншалықты әсер етті? Түркістан станциясының бастығы Қадыр Сырлыбековпен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.

– Қадыр Қаңлыбайұлы, «Тамаша Түркістандай жерде туған..» деген ғой, киелі шаһарда тұру, өмір сүру қандай деп ойлайсыз?

– Түркістанның бағы енді жанды деп ой- лаймын, облыс орталығы мәртебесін алғалы қала қатты өсті, ағылған халықта да есеп жоқ. Теміржол тасымалы да жанданып сала берді. Қалаға келетін құрылыс, тағы басқа жүк көп. Мен осы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Мен үшін туған жерге қызмет етудің ешқандай айырмашылығы жоқ. Елімнің қай түкпірінде жүрсем де теміржолға, яғни өзімнің қалаған кәсібіме қызмет етемін. Дегенмен күрежолдың бойындағы Түркістан ежелден транзиттің жолы ғой. Еліміз арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан секілді көрші мемлекеттерге жүк тасымалдайтын пойыздар транзит арқылы өтеді. Қазіргі таңда «Шығыс Қытайдан- Батыс Европа» жолымен контейнер пойыздар жүруде. Контейнерлік пойыздар қазір дамып кетті. Мемлекетке одан түсіп жатқан кіріс те орасан зор. Тәулігіне 1250 шақырымнан 7 күнде Қытайдың арғы шығысынан Еуропаға жетіп жатыр. Біздің міндет – осы ағылған жүк және жолаушы пойыздарын кесте бойынша уақытымен күтіп алып, уақытымен жөнелту, жолаушылар пойызын сумен қамтамасыз ету, тепловоздарды уақытылы жіберу, ағытылған вагондарды уақытылы тіркеу, қауіпсіздік жағдайы, қым-қуыт жұмыс тәулік бойы тынбайды. Жүк пойыздарының ішінде 10-20 минут, 40 минут, 1 сағат тұратын пойыздар бар. Соған біздің теміржолшылар, машинистер, вагоншы, күзетшілер, бағдаршамды қадағалайтын механиктер, электриктер, жол шеберлері барлық деңгейде бірдей қызмет көрсетеді. Түркістан қаласына келетін жолаушылар мен жүк пойыздарының уақытылы келіп, кетуіне бір ғана станция емес, осы құрылымдардың бәрі жауапты. Одан бөлек, қалаға күніне ең кемі 15-20 жүк вагоны келеді. Біздің міндетіміз – осы вагондарды өз орындарына жеткізіп, жүкті түсіріп, бос вагондарды қайта тиеп жіберу.

– Түркістан станциясы арқылы тасымалданатын жүк көлемі қаншалықты өскені жоспардың қалай орындалуынан да байқалатын болар?

– Бізге тиесілі өз жоспарымыз бар. Жыл басынан бері вагон айналымы жоспардан асырып орындалып келеді. Қалаға келетін тауарлардың басым көпшілігі – ұн, жанар-жағармай, құрылыс заттары, мал азығы секілді өнімдер. Бір айта кететін жайт, көршілес Қызылорда облысына бұған дейін артатын жүктер көп болатын. Қызылордаға қарай ол кезде тәулігіне 10-15 вагон құрылысқа қажетті заттар жөнелтілетін еді. Бүгінде шаһарымыз облыс орталығы болғалы мұндағы жүріп жатқан құрылыс нысандарына жеткізілетін құрылыс материалдары және тағы басқа заттарды көрші облыстарға жіберіп жатқан жоқпыз. Себебі, өзіңіз білесіз, облыста құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, қажетті материалдар өзімізден артылып жатқан жоқ. Бұдан бөлек, ай сайын біздің аумаққа қарасты теміржолдың барлығын қадағалап, Бекзат мөлтек ауданындағы соңғы бағдаршамға дейінгі аралықты бүге-шүгесіне дейін тексеріп, бақылап отырамыз. Олардың өзінің талапқа сай нормалары бар. Одан асып кеткен жағдайда жабуымыз керек. Жүк тиегенде де оның дұрыс байлануын және әр вагонның пломбасы болады, соның дұрыс өткендігін тексереміз. Вагонның дөңгелектерін, жүретін жолын қадағалаймыз. Осының бәрі сайып келгенде станция өндірісінің өрге басуына алғышарттар болмақ.

– Теміржол аса қауіпті аймақ екені белгілі, қозғалыс артқан сайын қауіпсіздікке де сын көбейген болар?

– Қазіргі таңда темір жолда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ай сайын жол жағдайын тексеруге комиссиялық тексерулер ұйымдастырылып отырады. Табылған ақаулар мен кемшіліктер қауіптілік деңгейіне қарай шұғыл түрде, бес күн ішінде және жоспарлы түрде түзетіледі. Одан бөлек, заманауи техниканың да көмегіне жүгініп отырамыз, яғни модернизацияланған диагностикалық кешен вагоны – адам көзімен көре алмайтын ақаулар мен кемшіліктерді компьютер дисплейіне шығарып, қауіптілік деңгейіне қарай ақау табылған жерді қозғалыс үшін жабады немесе ол жердің қозғалыс үшін белгіленген жылдамдығын төмендетіп отырады. Ал, адами фактордың қозғалыс қауіпсіздігіне әсерін азайту мақсатында локомотивтерде кешендік локомотивтік қозғалыс құрылғысы орнатылған. Бұл құрылғы пойыз машинистерінің қырағылығын арттырып, бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетуіне жол бермейді. Темір жол аралықтарында вагон ақауын анықтайтын көпфункционалды техникалық құрылғылардың кешенді аппараты орналастырылған. Ал, пойыз қозғалысын ұйымдастырушы пойыз диспетчерлері мен станция кезекшілері пойыздарды қабылдап-жөнелтуді монитор экранында іске асыруға көшуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі