Зиянды жұмыста істейтіндер жалақысына қоса үстемақы алады

Қазақстанда 2007 жылы зиянды мамандықтар тізімі бекітілгенде, оның қатарында мыңнан астам кәсіп иелері бар екені анықталды. Соның ішінде Үкімет қаулысымен теміржол саласында 23 мамандық зиянды болып есептеледі.

Олардың жұмыстарының зияндылығын бағалау деңгейіне қарай ай сайынғы жалақысына қосымша ақы төленеді. Бұл тізімде бірінші кезекте өндірісте істейтіндер қарастырылады. Олардың жұмысының зияндылығы өндірістік ортаның қатты лас болуы, шудың қаттылығы, қолайсыз температуралық режим, жарықтың жеткіліксіздігі, қауіпті еңбек жағдайы, жұмыс аймағында және кәсібінен табатын аурулардың қозу қаупіне қарай белгілі болады. «Қазпрофтранс» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитовтің айтуынша, Қазақстан теміржолында сондай зиянды жұмыста істейтін жұмысшылардың саны – 40 мың адам.

– Солардың әрқайсысына зиянды жұмыста істегендері үшін айына айлығына қосымша ақша төленеді. Бұл қосымша ақы жұмыстың зияндылығына байланысты берілетін балына қарай әр түрлі, 5 пен 12 пайыз арасында болады. Соның ішінде ең ауыр цех – локомотившілер. Бірақ олардың жұмысын бағалауға байланысты тарифтері жоғары, олар бірден жоғарылатылған жалақы, яғни шамамен 300-400 мың теңге айлық алады. Ал одан кейінгі зиянды мамандықтарға – ұсталар, дәнекерлеушілер, электр монтерлары, вагон қараушылар, слесарьлар, жолшылар, жол бригадирлері, механизатор, дрезинщиктер жатады. Солардың ішінде химиялық заттармен жұмыс істейтіндеріне зиянды жұмыс үшін қосымша ақыдан басқа сүт беріледі, – дейді Жұпарбек Сәбитов.

Жұмыс зияндылығына берілетін қосымша ақы көлемі өзгеріп отыруы мүмкін. Ол үшін лицензиясы бар мекемелер келіп, жұмыстың ауырлығын, зияндылығы қаншалықты екенін өлшеп, жан-жақты тексереді. Яғни, мұны аттестациялау деп атайды. Соның нәтижесінде зияндылық балы шығады, ал ол қосымша ақы пайызына әсер етеді.

– Пайыздары қалай өзгереді? Мысалы, ұстаның жұмыс орнында еңбек жағдайы бұрынғыдан жақсарып, цехта түтінді сыртқа тартатын құрылғы бұрын болмай, енді орнатқан болса, басқа да жұмысын жеңілдететін құралдар қойылса, ондай зияндылық үшін берілетін жалақы пайызы азаяды, – дейді Ж.Сәбитов.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі