©Rail-news.kz

Жолшыларға зейнет жасын жақындату мүмкіндігі бар

Қазіргі таңда елімізде еңбек жағдайының ауырлығына қарай зейнеткерлік жасын 58-60 жасқа дейін төмендету мәселесі жиі көтеріледі. Осы ретте Қазақстан теміржолында кейбір мамандықтар бойынша теміржолшыларға біршама жеңілдіктер қарастырылғанын айтқан жөн.

– 2011 жылдан бастап 2013 жылға дейін теміржол кәсіподағы Үкіметпен бірге жұмыс істеп, жеңілдікке ие мамандықтар тізіміне ауыр және зияндылығы бар 23 мамандықты кіргіздік. Мәселен, кез келген қызметкердің шотына айлығынан ай сайын 10 пайыз түсіп отырады, сондай мамандықтарға қосымша ҚТЖ есебінен 5 пайыз тағы аударылатын болды. Сонда аталған мамандық иелерінің зейнетақы аударымына ай сайын 15 пайыз түседі. Бұл жаңалық 2014 жылы күшіне енді, – дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов.

Дәл қазір Үкіметтің заңы бойынша ер адамдар 63, әйелдер 60 жаста зейнетке шығып жатыр. Әйелдер үшін жарты жыл сайын қосылып, алдағы уақытта олар да 63 жаста шығатын болады. Тек көп балалы аналар зейнеткерлікке ертерек шығады.

– Ал теміржолда локомотив бригадасына, яғни машинист пен машинист көмекшісіне қалауына қарай салалық жәрдемақы төленеді. Яғни, оларға 57 жасқа келгенде салалық жәрдемақы алып, зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігі ұсынылады. Егер мұны қабыл көрсе, 63 жасқа келгенше компания машинистке 40 АЕК, ал машинист көмекшісіне 31 АЕК көлемінде жәрдемақы төлеп отырады да, 63 жасқа келген соң мемлекеттен алатын зейнетақысын алуды жалғастырады, – дейді Ж.Сәбитов.

Кәсіподақ өкілінің айтуынша, олар осы салалық жәрдемақыны зиянды жұмыс саналатын өзге де мамандықтар бойынша қолжетімді етуге ұсыныс беріп, қазіргі таңда сол бағытта компаниямен келіссөздер жүргізуде.

«Бұл ретте, мәселен, жолшыларға 57 емес, 60 жасқа келгенде ертерек зейнеткерлікке шығып, шамамен 30 АЕК көлемінде салалық жәрдемақы төлеуді қарастырып көруге болады. Компания тарапынан толық қолдау тапса, бұл өзгерісті алдағы жылы бірінші қаңтардан бастап күшіне енгізсе деп отырмыз», – дейді ол.

Айтуынша, аталған 23 зиянды мамандыққа салалық жәрдемақы төлеу үшін шамамен 750 мың теңгеге жуық шығын кетеді деп жобаланып отыр екен.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі