15-ші бекеттегі станциялық жолдың 1650 метрге ұзартылуына орай құрылғылар тексеріліп жатыр

Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының жұмыс тобын өткен айда ғана жолы ұзартылған 15-ші бекет басындағы құрылғыларды бақылаудан өткізіп, ағымдық күтім жасау жұмысы барысында кездестірдік.

Бекеттегі станциялық жолдың 1650 метрге ұзартылуына байланысты кешенді өзгеріс жасалған, бекет жолдарындағы байланыс құрылғыларының жұмысында осы уақытқа дейін іркіліс болмапты. Жаңа ординат бойынша орналастырылған бекеттің ішкі, кіріс-шығыс бағдаршамдары, бағыттамалық бұрмалардағы құрылғылар, желі жалғастырғыштары, байланыс желілері арнайы құрылғылармен тексеріліп, теміржолшылардың назарынан тыс қалмай, түгел бақылауда тұр. Бұл байланысшылардың пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттырудағы ең басты жұмысы саналады. Бұл жұмыстарға станция мен жол шаруашылығының мамандары да атсалысуда екен.

Бекет жолындағы бағыттамалық бұрмалардың Алстом жаңа құрылғысын ауыстырып, байланыс желілерін стандартқа сай монтаждау жұмысын атқарып жатқан дистанциялық бір топ теміржолшының жұмысын дистанция басшысының орынбасары Аянбек Бостанұлы ұйымдастырып жүр. Олардың тексеру барысын, жұмыс жайын сұрағанымызда жұмыстардың түгелі телімдерден жылжымалы құрамдарды кедергісіз өткізу, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін жасалып жатқандығын және де теміржолда «кішкентай» нәрсе болмайтындығын, дайындық не тексеру барысында назардан тыс қалып кеткен кез келген жайттың салдары қауіпсіздіктің бұзылуына ықпал етуі мүмкін екенін, сондықтан барлық құрылғының сүйем қарыс бөлшегінің технологиялық талапқа сай монтаждалуына аса мән берілетіндігін айтып берді жұмысшылар. Олардың сөзінен рельс бойындағы әр өлшемнің аса маңызды рөл атқаратындығын білдік.

– Бағыттамалық бұрмаға пойыз қарсы бағытта келе жатқанда қажетті жолға бұрылу үшін пайдалану ережесіне сай бұрма үшкірінің рельске жанасатын ұшы мен рельс қаңқасының арасындағы аралық 2 мен 4 мм өлшемде болуы шарт. Жалпы бағыттамалық бұрмаларды монтаждау немесе байланыс құрылғыларына ағымдық күтім жасау жұмысы болсын, технологиялық талап шеңберінен ауытқымауы керек. Қазіргі жаңа құрылғылар бұрынғы қолданыстағылармен салыстырғанда монтаж кезінде белгіленген өлшемнен айнымайтын беріктігімен ерекшеленеді. Дегенмен де қауіпсіздіктің сақталуы үшін бақылау, тексеру біздің жұмысымыздың басты қағидасы болып саналады, – деді Аянбек Бостанұлы.

Иненің көзінен жіп өткізгендей дәлдікпен атқарып, оны сенімділік үшін қайта-қайта өлшеп, жанындағы әріптестерінің әрбір өлшеміне мән беріп саралап отырған дистанциялықтардың қимыл-қозғалысы олардың өз ісін жетік меңгергендерін аңғартып тұрды.

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі