Темір жолдың тиімділігін арттыруға септігін тигізетін цифрлық техгологиялар енгізілуде

Бүгінгі таңда теміржолдың цифрландыру бойынша технологиялық даму қарқыны өте жоғары. Ұлттық компанияда дәуір талабына сай әрі көлік саласындағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде. Сандық технологияның енгізілуі жүк және жолаушылар тасымалының қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қозғалыс қауіпсіздігі талаптарына да жауап береді. Бұл туралы «Рельспен жүретін көліктерге арналған цифрлық шешімдер» атты жуырда өткен семинар барысында айтылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жалпы бұл шара Қазақстандағы көлік апталығы шеңберінде ұйымдастырылып, негізінен елімізде алғаш рет Майлытоғай станциясында жаңа CTRL@LOCK 400 микропроцессорлық жүйенің енгізілуіне арналды.

Семинарға «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев бастаған теміржолшылар және компания серіктестері – «ЛокоТех-Сигнал», «Транстелеком» АҚ, «ISKRACOM», «Rtel Group» компаниялары, сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі көлік комитеті өкілдері қатысты. Қазақстандағы Майлытоғай станциясының ЭЦ постын жаңғырту бойынша жүзеге асырылған жоба туралы «ЛокоТех-Сигнал» ААҚ операциялық директоры Владимир Ионов жан-жақты баяндап берді. Жобаны енгізуде Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы мамандарының еңбегі зор екенін атап өтті.

Майлытоғайда ЭЦ постын жаңғырту жобасына Италияда жасалған технология қолданылған. Б.Котырев бұл 1520 кеңістігінде жүзеге асырылған бірінші тәжірибе екенін атап өтті. Жалпы Қазақстан теміржолында автоматика, телемеханика және байланыс саласына енгізіліп жатқан цифрлық жүйелер туралы компанияның телемеханика автоматикасы және телекоммуникация департаментінің директоры Алексей Әбдірахманов баяндама жасады.

Ал «Rtel Group» компаниясының директоры Ермек Бекенов Жетіген-Алтынкөл телімінде ТЕТRА стандарты бойынша «Диспетчерлік орталықтандыру жүйесі» жобасының жүзеге асырылуына тоқталды. Инфрақұрылым диагностикасына арналған цифрлық шешімдер туралы «ҚТЖ» компаниясының стратегиялық серіктесі «Транстелеком» АҚ басқарма басшысының орынбасары Мұрат Ахметов сөз қозғады. Семинардың екінші жартысы «Жылжымалы тартым құрамына арналған цифрлық шешімдер» тақырыбында өрбіді. Осы орайда ұлттық компанияның қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Марат Шакенов те өз ойын жеткізді.

«Теміржол көлігіндегі цифрлық технологияны дамыту осы саладағы нысандардың жағдайын бақылау мен диагностикалау, оларды пайдалану үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Ғылыми-техникалық үдерістің негізі қауіпсіздіктен құралған. Ұлттық компания тартымдық жылжымалы құрам үшін де цифрлық шешімдер енгізуде. Бұл сессияда локомотивтердің борттық жүйесі, Қазақстан темір жолы желілерінің өткізгіштік қабілетін арттыру технологиясы туралы сөз болады. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ локомотивтері борттық жүйемен жабдықталған, олардың «Автожүргізу» және бейнебақылау жүйесі, катушка диагностикасымен байланысты қосымша функциялары бар», – деді ол.

Ұлттық компанияның техникалық саясат және реттеу департаментінің директоры Талғат Қанатбаев «Локомотивтердің борттық жүйесін дамытудың негізгі және алдағы кезеңдері» тақырыбында баяндама жасап, толыққанды ақпарат берді.

Семинар соңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев пен «ЛокоТех-Сигнал» ААҚ операциялық директоры Владимир Ионов «Қазақстан темір жолы» компаниясының CTRL@Vision 100 we жүйесін енгізу бойынша Жол картасы туралы келісімге қол қойды.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі