Биыл солтүстік өңір бойынша 207,5 шақырым темір жол күрделі жөндеуден өтті

ҚТЖ ұлттық компаниясының сенімді серіктесі болып табылатын «Теміржол жөндеу» мердігерлік компаниясы солтүстік өңірде биылғы жылдың соңғы жұмысына нүкте қойды. Яғни, межеленген күрделі жөндеу толықтай аяқталып, жоспар 120 пайызға асыра орындалды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Таратып айтсақ, соңғы нүкте – солтүстіктегі Сарыоба-Еркіншілік теліміндегі 19,11 км жол күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болды. Телімде Астана жол машиналары станцияларының жұмысшылары «Теміржол жөндеу» ЖШС теміржол құрылысы және жөндеу бойынша директоры Қайрат Ақпаровтың жетекшілігімен 12 сағаттық технологиялық толаскез алып, ластанған балласты тереңнен қазып, тазарта отырып, 1500 метр көлеміндегі су жаңа темірбетон рельс торкөздерін салды.

Жалпы серіктестіктің үш тоқсандағы жұмыс қорытындысына келсек, келісімшарт бойынша 172,3 км жол күрделі жөндеуден өтуі тиіс болса, нақтысында 207,5 км жол жөндеуден өтіп, жоспар 120% орындалып отыр. Соның ішінде, Ақтөбе ЖМС 70 км жуық жолға күрделі жөндеу жүргізсе, Астана ЖМС – 54,8 км, Бірлік ЖМС – 48,3 км жолға, ал Шар өндірістік учаскесі 35 шақырымға жуық жолға күрделі жөндеу жүргізген. Сондай-ақ, 167,5 км жолдың рельстері жаңа ұзынөлшемді түйіспесіз иіндермен алмастырылса, 509 мың текше метр жолдың қиыршық тастары балласталып, нығайтылды.

«Теміржол жөндеу» компаниясының жұмысшылары өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты. Біз барлық жұмысшыларға өнімді де адал еңбектері үшін алғысымызды білдіреміз. Ұжым ұйымшыл болғанда, алынбас қамал, бағындырмас белес жоқ», – деді мердігер компания басшысы Қайрат Ақпаров.

Осы ретте, Магистральдық желі дирекциясында қабылданған өндірістік бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқан теміржолдарды сауықтыру, жаңғырту және жаңалау шараларының басты мақсаты – негізгі транзиттік бағдарларды өткізу қабілеттілігін ұлғайтумен қатар жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін сақтай отырып, олардың жылдамдығын ұлғайтуға бағытталып отырғанын атар едік. Жұмыстар үстіміздегі жылдың сәуір айында оңтүстік өңірде басталған еді. Жолдарға күрделі жөндеу арнайы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес екі тәсілмен жүргізілуде. Оның бірі SMD-80 техникасының көмегімен балласты тазалай және үстінен толықтыра отырып, шпалдарды ауыстыру, сонымен қатар RM-80, ХДВ, ЭЛБ, ВПО-3000, Duomatic, DGS, PBR машиналарының кешенін қолдана отырып, рельстерді түйіспесіз рельс иіндеріне ауыстыру болса, екінші тәсіл, жаңағы ауыр машиналар кешені мен УК25/9-18 кранын пайдалана отырып, рельстерді, шпалдар мен балластарды тұтастай алмастыру болып отыр. Жүрістің бір қалыпты болуын қамтамасыз ету үшін ПРСМ рельс дәнекерлеу машинасын қолдана отырып, учаске блогына дейінгі түйіспесіз рельс иіндеріне дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі