ҚТЖ биылғы қазан айының соңына дейін 5,1 млн тоннадан астам тас көмір тасымалдады

«ҚТЖ» ҰК» АҚ көмір тасымалы бойынша барлық міндеттемелерді орындауда. Мәселен, қазан айының 25 күні ішінде еліміз тұтынушылары үшін 5,1 млн тоннадан астам тас көмір тиеліп, жоспар 102% асыра орындалды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Оның ішінде еліміздің жылу электр орталықтарына 4,2 млн тонна жеткізіліп, тиеу жоспары 102,3% құрады. Еліміздің коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 986 мың тоннадан астам қатты отын тиелсе, экспортқа – 2,1 млн тонна көмір жөнелтілді. Қазан айында жалпы көмір тиелімі 7,3 млн тоннаны құраған.

Облыстардағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалдары – жол бөлімшелерінде көмір тұйықтарын аралап, кәсіпорындардың кірме жолдарындағы көмір қорларын бақылап, кірме жолдар иелерімен бірлесіп стратегиялық жүкті жеткізу бойынша проблемалық мәселелерді анықтайтын жедел мониторингтік топтар жұмыс істеуде.

Олар барлық ақпаратты жедел түрде «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппаратының көмірді тасымалдау жөніндегі штабына беріп отырады.
Қазан айының 25 күні ішінде Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Семей жол бөлімшелері бойынша ҚТЖ мониторингтік топтары 30-дан астам коммуналдық-тұрмыстық көмір алушыларды аралаған. Мәселен, Қостанай облысына қазан айының 25 күнінде 43 мың тоннадан астам, Павлодар облысында 36 мың тоннадан астам, Қарағанды облысында 128 мың тоннадан астам коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізіліп, жоспар межеден асыра орындалған.

Жүк жөнелтуші «ВостокУгольПром» ЖШС қазан айында Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 180 мың тоннадан астам көмір тиеуді жоспарлапты, алайда осы айдың 25 күнінде 185 мың тоннадан астам қатты отын тиеп, жоспардың орындалуы 128% құрады.

Мониторингтік топтар кірме жолдарды аралау барысында коммуналдық-тұрмыстық көмір алушыларда туындаған барлық мәселелерді жедел тәртіппен шешіп отырады. Бірлесіп ұйымдастырылған жұмыс арқасында өңірлерде тұрғындардың көмір сатып алуында елеулі проблемалар анықталған жоқ.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі