©Rail-news.kz

Маңғыстаудағы 50 шақырымдық жолды күрделі жөндеуден өткізу жыл соңына дейін жалғасады

Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінде биыл инфрақұрылымды жаңғырту жобасына сәйкес, елу шақырымға жуық жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Маңғыстау– Бейнеу учаскесінде жолдың үстіңгі құрылысына 48,04 шақырым күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, соның 36,4 шақырымы аяқталды. Енді қараша айында Бекет 7 – Сай-Өтес станциясы аралығындағы 11,64 шақырымға күрделі жөндеу басталмақ.

Жыл басынан бері Бекет 12 – Бекет 13 аралығында ұзындығы 17,46 шақырым, Бекет 3 – Үстірт станциясы аралығында 18,94 шақырым жол талапқа сай күрделі жөндеуден өтті. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарына қоса ағымдағы жөндеу жұмыстары да қоса атқарылмақ. Яғни, Бейнеу жол дистанциясы бойынша Сай-Өтес-Бекет 9, Бейнеу станциясында рельстердің желінуіне байланысты 2,466 шақырым жолға жарамды ескі рельстерді салу межесі бар. Оған қоса осы айда Ақжігіт, Бекет 5, Бекет 9, Шетпе, Маңғыстау станцияларының бас жолдарында жатқан 9 дана ескі ағаш шпалды бағыттама бұрмасын темірбетон шпалды бағыттама бұрмасына ауыстыру көзделіп отыр. Қысқасы, жолшылар үшін жыл соңына дейін жұмыс бар.

– Күрделі жөндеу жұмыстары қазан айында жалғасуы тиіс еді. Кейбір себептерге байланысты қарашаға қалдырылды. Дегенмен жыл соңына дейін биылға белгіленген жөндеу жұмыстары түгел аяқталатын болады. Бірақ оған қарамай көрсеткіштеріміз қазір де жаман емес. 9 ай қоры- тындысында бөлімше бойынша қозғалыс қауіпсіздігін бұзу дерегі тіркелген жоқ. МДК жол өлшегіш вагонының тексеріс қорытындысы бойынша жол күтімі 41 бірлікке орындалды, жоспар 65 бірлік болатын. Яғни жоспардың орындалуы 137 пайызды құрады. Сонымен қатар өндірістік жарақаттану жағдайлары да кездескен жоқ. Жалпы, алғашқы жарты жылды Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі мен оған қарасты мекемелер жақсы көрсеткішпен қорытындылады. Компания бойынша НЖС-14 Маңғыстау – 2-орынға, ЭЧ-5 Маңғыстау – 3-орын, ВП-12 Маңғыстау – 3-орыннан көрінді, – деген Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі жол бөлімінің басшысы Марлен Көктеубаевтың айтуынша, осы күнге дейін 96 шақырым малға қарсы жаңа қоршау салынып, 25 шақырым қоршау жөндеуден өткізіліпті.

Десек те, теміржолға мал шығу оқиғасы азаймаған, жыл басынан бері 86 малды пойыз басып кеткен…

– Бөлімше бойынша жолға мал шығу мен теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасының алдын алу қашан да маңызды. Сол үшін мал иелерімен де, автокөлік жүргізушілерімен де түсінік жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, ауа-райының қолайсыздығынан, яғни шаңды дауылдан жолды құм-топырақ басып, пойыздар қозғалысына кері әсерін тигізуде. Оны тазартуға жұмысшылар, техникалар жұмылдырылуда. Сондай қиындықтарға қарамастан теміржолшылар пойыздар қозғалысын қамтамасыз етіп, өз міндетін ойдағыдай атқаруда, – дейді Марлен Көктеубаев.

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі