Атырау магистральдық желі бөлімшесінде 56 шақырымға жуық темір жол жөнделіп жатыр

Атырау магистральдық желі бөлімшесінде инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, кеңейту, технологиялық процестерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары ерекше қарқын алды. Тек биылғы жылы жол шаруашылығы бойынша 55,53 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде.

Өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы Ж.Әміровтің айтуынша, бұл ең алдымен пойыздар жылдамдығын арттыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр. Айталық, күрделі жөндеу өткен учаскелерде жолаушылар пойызының жылдамдығы 60км/ сағаттан 120км/сағатқа, ал жүк тасымалы пойызының жылдамдығы 50км/сағаттан 100км/ сағатқа артқан.

– Күрделі жөндеу көп телімдерді жаңартты. Соның ішінде 12,06 км рзд.10-Исатай, 13,67 км рзд. 279-Мұқыр, 22,88 км рзд. 460- рзд. 461 жол аралықтарының көп жылдар бойы жөндеу көрмеген ескі темір жолы түгел алынып, орнына неміс технологиясымен жасалған ФОССЛО қапсырмалы темірбетонды шпалдар салынып бітті. Кенбай-Жамансор аралығында 6,92 км күрделі жөндеу жұмыстарын биығы жылдың 11 айында бітіру жоспарланып отыр. Ауа райы қарасып тұрса, еш кедергісіз бітіретінімізге сенімдіміз, – дейді маман.

Белгі беру және байланыс шаруашылығы бойынша да жаңалық баршылық. Бірқатар учаскелерде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүріп бара жатқан жылжымалы құрамның техникалық жағдайына автоматты түрде бақылау жасайтын КТСМ құрылғысы іске қосылды. Атап айтқанда, биылғы 9 айда Құлсары және Атырау дистанцияларында Мақат-Құлсары учаскесі бойынша Бек-Бике разъезінде, Құлсары-Бейнеу учаскесіндегі Қоркөл станциясында, Атырау -Ақсарай учаскесі бойынша Тұманды мен Д.Нұрпейісова бекеттерінде 7 дана контейнерлік типтегі жаңартылған модульді техникалық құралдар кешені орнатылды.

Сол секілді Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясы бойынша Мақат, Ақжайық станцияларында «Модернизация ЛАЗ» жобасы аясында желілік-аппаратты залдарда каналдарды нығыздаудың моральды тұрғыда ескірген жабдықтарын жаңа буынды қолжетімді, заманауи интеллектуалды мултисервистік концентраторға модернизациялау жүзеге асырылды. Бұл бағдарламалық-аппаратты кешен ЛАЗ аралық байланыс каналдарын беруді автоматты ұйымдастыруға және мониторинг пен басқарудың заманауи жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Аймақта биылғы жылы пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі толық сақталып, апатты жағдай, өндірістік жарақат, басқа да келеңсіз оқиғалар тіркелмеген.

Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі