Шығыста майлы дақылдар тасымалы көмір мен астықтан кейінгі үшінші орында

Ел шығысындағы теміржолшылар үшін жүк тасымалының жаңа түрі – майлы дақылдарды тиеу мен жөнелту ісі жыл санап артып келеді. Әсіресе, биылғы жылғы көлем ерекше жоғары болып тұр. Күз айларында Семей ЖТ бөлімшесі бойынша күн- бағыс, рапс, соя дақылдарын тасымалдау көмір мен астықтан кейін үшінші орынға көтерілді.

Қазіргі таңда бөлімшенің Ауыл, Белағаш, Семей, Жаңа-Семей, Жаңғызтөбе және Аягөз станциялары бойынша шығыстың брендіне айналған аталмыш өнім түрлерін тиеу тұрақты түрде жолға қойылған. Оған басты себеп, әлем елдеріндегі өсімдік майына деген сұраныстың күрт артуы, шығыстағы майлы дақылдардың бітік шығуы, Семей мен Өскемен қалаларындағы қос бірдей май экстрациялайтын алып зауыттардың толық қуатында жұмысқа кірісуі себеп болып отыр. Олардың тәуліктік қуаты тек күнбағыс өнімін өңдеудің өзінде ғана мың тоннаны құрайды.

Жалпы, ел шығысы республика бойынша майлы дақылдар, оның ішінде күнбағыс пен соя өсіруден алдыңғы орында тұр.

Соған орай аталған станциялардағы тауар кассаларында қарбалас көбейген. Қазіргі күні жергілікті серіктестіктер тарапынан күнбағыс пен рапс дақылын жөнелтуге өтінімдер көп түсуде. Сондықтан теміржолшылар үшін жабық контейнерлермен тасымалданатын сусымалы өнімдерді уақыт оздырмай дер кезінде діттеген жерге жеткізу міндеті күн тақырыбына шықты десек болады.

Мәселен, бір ғана Аягөз станциясында өткен бір айдың ішінде 120 вагон күнбағыс дақылы тиелген екен. Жүктің дені Өзбекстан, Тәжікстанға жөнелтілуде. Айта кетерлігі, аягөздіктер үшін тасымалдың бұл түрі осыған дейін мұндай көлемде тасымалданбаған. Тапсырыс берушілер – іргелес Үржар ауданының диқандары.

Осындай жұмыстар Ауыл, Белағаш станциясында және Шемонайха телімі бойынша да атқарылуда. Мұнда тиелетін жүктер – зығыр, соя, рапс сынды сақтау мен жеткізудің өзіндік тәртібі бар сұранысы аса жоғары тауарлар қатарын құрайды. Жүк көлемі транзиттік тасымал бойынша Ресей мен Монғолияға жөнелтілсе, ішкі қатынас бойынша Семей мен Өскемендегі май зауыттарына тасымалдануда. Сәйкесінше, өңдеуден өткен өнім дайын тауар күйінде Орта Азия елдеріне экспортталады екен. Клиенттер ең арзан тариф болғандықтан тек теміржол тасымалын ғана таңдауда. Қазіргі таңда күнбағысқа орақ түскендіктен тапсырыс көлемі күн санап жоғарылап келеді. Бұл ретте Ауыл, Белағаш станцияларында пойыз құрастыру үшін Семейден арнайы тепловоздарды алдыруға мәжбүр. Себебі, кейбір күндері 15-20 вагонға өнім тиеуге өтінім беріледі екен.

– Станциялар бойынша жүк тиеу мен жеткізуде кедергі жоқ. Жабық вагондар жеткілікті. Сусымалы тауарлар тасымалындағы техникалық процестер жіті қадағалануда, – дейді бұл ретте Семей ЖТ бөлімшесінің логистика мамандары.

Жалпы, логистиктердің қазіргі кездегі болжамы бойынша өсімдік майына сұраныс жылдан жылға арта беретін болады. Шығыстың жоғары сұрыпты майлы дақылдары Еуропа елдеріне де жол тартуда. Мәселен, Қытай тарапынан біздің елдің жүктеріне елеулі шектеу болғандықтан, майлы дақыл өсірушілер үшін Австрия, Бельгия, Дания, Польшаға жаңадан жол ашылуда. Сол тәрізді биылғы құрғақшылық рапс дақылын Ресейге, Австрияға, Иранға, Моңғолияға шығаруға да мүмкіндік беруде.

– Алдағы уақытта да клиенттер тапсырысы арта түсетіні анық. Біздің аймақта өндірілген ауылшаруашылық өнімдеріне алыс-жақын шетелдерден қызығушылар көп. Сол үшін вагон тапшылығын болдырмау мәселесіне назар аудару қажет, – дейді бұл ретте Аягөз станциясының аға тауар кассирі Азамат Ноғайбаев.

Бүгінде бөлімше бойынша ауылшаруашылығы дақылдарын сақтаушы, тасымалдаушы мекемелердің тізімдері әзірленген.

Келіссөздер аясында жаңадан клиенттер тартылмақ. Логистика саласының мамандары оған сенімді. Себебі, Семей қаласынан қосымша тағы бір өсімдік майын өңдейтін зауыт салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында келергі жылы ашылатын кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 1,1 млн тоннаға жеткізілмек.

Оған қоса, қазіргі күні қала іргесінен астық пен майлы дақылдар сақтайтын логистикалық орталық та пайдалануға берілген. Демек, жүк тасымалының бұл түрі алдағы уақытта арта түспесе, кемімесі анық.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, Семей