Ланьчжоудан Жаңа-Қарағанды станциясына айына бір контейнерлік пойыз жөнелту жоспарланып отыр

Қытай мен Қазақстан арасында тағы бір контейнерлік пойыз ұйымдастырылды. Қытайдың Ганьсу провинциясына қарасты Ланьчжоу теміржол станциясынан құрамында ферросилиций өндіруге арналған рудотермиялық пеш бар контейнерлік пойыз жөнелтілді.

Қазақстанға, Жаңа-Қарағанды станциясына бағыт алған құнды жүк 10 күн ішінде 3600 км қашықтықты жүріп өтіп, Алашанькоу-Достық шекаралық өткелі арқылы Қазақстанға келеді. Тасымалдау процесін Қытайдағы «KTZ Express» АҚ еншілес ұйымы – Xinjiang KTZ International Logistics Co ұйымдастырып отыр. Ал пешке тапсырыс беруші – YDD Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауыты бағалы жүкті жеткізудің сенімді тәсілі ретінде теміржол арқылы контейнерлік тасымалды таңдады.

Жаңа пеш өнеркәсіптік және азаматтық құрылыста, автомобиль – әуе кемесін жасауда, сондай-ақ, медициналық құралдар өндірісінде металл конструкцияларының сапасын арттыру үшін қолданылатын ферросилиций қорытпасын өндіруді ұлғайтады.

– Мұндай ерекше жүктер тасымалдаудың ерекше шарттарын сақтай отырып атқарылады. Болашақта сервис тұрақты болады. Ганьсу провинциясының Ланьчжоу қаласынан Жаңа-Қарағанды станциясына ай сайын бір контейнерлік пойыз жөнелту жоспарланып отыр, – дейді «KTZ Express» АҚ басшысы Нұрлан Игембаев.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі