Аягөз станциясында жүк вагондарының тапшылығына жол бермеу кезек күттірмейтін мәселе

Аягөз станциясының теміржолшылары өткен он айды жоғары көрсеткішпен қорытындылады. Әйтсе де, жүк айналымы бойынша жыл соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс шаралар бар. Бүгінде мысалы, байырғы клиент саналатын жекелеген жүк жөнелтуші компаниялар тапсырысын уақытында орындау мақсатында вагон тапшылығын болдырмау күн тәртібіне шықты.

Станция басшысы Нұржан Жақанов – тәжірибелі, білікті ұйымдастырушы. Айтуынша, өткен жылы Аягөз станциясы бойынша жаңадан ашылған тұйық желілер саны артқан, сол себептен де, оның нәтижесі жүк тиеу мен түсіру ісінде көрініс тауып отыр. Мәселен, өткен бір айдың ішінде ғана 120 вагонға жүк тиелсе, 643 вагонның жүгі түсірілген екен. Яғни, жүк айналымының бұлай артуын көршілес аудандардағы шаруалардың, аграрлық сектор өкілдерінің тапсырыс санын арттыруымен түсіндіруге болады. Соның нәтижесінде Өзбекстан мен Тәжікстан сынды Орта Азия елдеріне экпорттық тауарлар жөнелтілуде.

Жалпы, аягөздік теміржолшылар күздегі қауырт жұмысты алдын ала болжаған болатын. Сондықтан да, бүгінде станция басындағы маневрлік тепловоздар саны жеткілікті. Нәтижесінде қозғалыс жиілігі де жоғарылапты.

Станция қызметкерлері қауырт тапсырмалар арасында тас көмір тасымалына айрықша мән беріліп отырғанын айтады. Қазіргі таңда Аягөз қаласына айына орта есеппен алғанда 700-1000 тонна қатты отын жет- кізіледі екен. Әрбір тұйық желі тәулігіне 20 вагон қабылдауға қауқарлы.

Сондықтан болар, жергілікті тұрғындар арасында көмір сатып алуда ешқандай қарбалас туындамаған. Процесс барысын арнайы құрылған штаб бақылауға алған. Сондай-ақ, жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда металл сынықтары мен тыңайтқыштар, құрылыс материалдарын, жергілікті өнеркәсіп өнімдерін тиеу-түсіру ісі де жоғарылағаны байқалады. Әйтсе де, құрылыс материалдарын тиеу сәл саябырлаған. Алайда, бұл – уақытша құбылыс. Нарықтағы баға тұрақталған соң тапсырыс күрт артуы мүмкін.

Жалпы, өткен 10 ай ішінде жүк тиеу мен түсіру фактісі нақты жоспар бойынша жоғарылап отыр. Оған тағы бір себеп – қытайлық мердігер компания «Дәнекер Жол» ЖШС-нің қосымша тұйық желілер салуы болып отыр.

– Тораптық станция болғандықтан да күзгі мезгілде жүк айналымы бірден артады. Мәселен, жергілікті «Аягөз-Көмір» мекемесіне Қаражырадан қатты отын жеткізу мөлшері күрт ұлғайып отыр. Ал, қазір тұйық желілер есебінен жүк түсіру көлемі рекордтық көрсеткішке жетті, – дейді Аягөз станциясының басшылығы.

Станция басшысы Нұржан Серікқалиұлының айтуынша, ағымдағы жыл бойына экономикалық тиімділікті еселеуде де бірқатар батыл қадамдар жасалған. Дегенмен, басымдық беру қажет мәселелер де бар. Атап айтсақ, байырғы әріптес «Алина» ЖШС-нің құрылыс материалдарын жөнелтуде көрсеткішті арттыру қажет. Ол үшін алдағы уақыттарда қосымша шаралар қабылданатын болады.

Бүгінгі таңда штаттық кесте бойынша жалпы саны 54 теміржолшы еңбек ететін, маусымдық жағдайда тәулігіне 20 шақты жұп жүк пойызы, онға таяу жолаушы пойызы өтетін тораптық станциядағы жүк айналымы жыл соңындағы екі айда тіптен еселенеді деп күтілуде. Демек, аягөздіктерді жаңа жылға дейін бас көтермейтін қауырт жұмыс күтіп тұр.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, Семей