Ақтөбе вокзалында «Есірткісіз болашақ» акциясы өтті

Ақтөбе теміржол вокзалында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен әзірленген «Есірткісіз болашақ» республикалық акциясы өткізілді. Іс-шара бір мезгілде елдегі барлық теміржол вокзалдарында өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Есірткі тасымалдаушылар барлық көлік құралдарын пайдаланады. Дегенмен, полицейлердің мәліметінше, есірткі саудасының 90 пайызы автомобиль және теміржол көліктерімен жеткізіледі. Сол үшін де бұл көліктерге қатысты есірткі тасымалының жолын кесу, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүреді.

«Біз әрдайым тәртіп сақшыларымен бірлесіп жұмыс істейміз. Себебі вокзал – стратегиялық аймақ. Жолаушылар қауіпсіздігі бірінші орында. Күн сайын жүздеген адам келіп-кететін көпшілік орында полиция қызметкерлерінің көмегі бізге ауадай қажет», – дейді вокзал басшысы Тойбазар Қуанышев.

Вокзалдағы акция қызметтік иісшіл иттері бар полицей-кинологтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, спортшылар мен әншілердің қатысуымен өткізілді. Жыл басынан бері облыста 236 есірткі қылмысы ашылып, оның ішінде 44 өткізу фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 280 келіден астам есірткі, оның ішінде 229 келіге жуық марихуана, 40 келі гашиш, сондай-ақ 36 келі синтетикалық есірткі тәркіленіпті. Қорқынышты сандар мен фактілер…

Акция соңында қала тұрғындары мен қонақтарына буклеттер, кәдесыйлар, есірткіге қарсы символикалық футболкалар, бейсболкалар мен маскалар таратылды.

Ақтобе облысы бойынша меншікті тілшісі