Тәуелсіздік алған жылы туған жас маман ғылым мен өндірісті ұштастырып жүр

Сержан бәзбіреулердей теміржолшы отбасынан шықтым деп мақтана алмайды, әкесі де, анасы да теміржолшы емес. Ал өзі теміржол саласында жоғары оқу орнын бітірді, магистратурада одан әрі докторантурада білімін жалғастырып, ғылыммен шұғылданды.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына қарасты Түлкібас ауылында 1991 жылы мамырда туған ол – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ауылдың іргесінен күні-түні бір тынбай пойыздар ағылып жататын. Бала Сержан жаздың тымырсық түндерінде жұлдыз санап әкесімен далада жатады. Түн тыныштығын арасында гүрілдеген пойыздардың үні бұзатын…

Ауылдағы Б.Момышұлы атындағы №7 орта мектепті бітірген соң, қатарластарымен бірге Алматыға жол тартты. Ешқайда бұрылған жоқ. Бірден Қазақ көлік және коммуникация академиясына барып, құрылыс мамандығына құжаттарын тапсырды. Сынақ оңайға соққан жоқ, алайда өтті. Мемлекеттік грантты жеңіп алды. 2012 жылы бұл мамандықтың бакалавриатын бітіре сала магистратураға тапсырды. Көлік құрылысы мамандығы бойынша екі жыл тағы оқып, магистр дипломына ие болды.

«2015 жылдың желтоқсанында еңбек жолымды туған жерімнен бастадым. ПЧ-52, яғни Түлкібас жол дистанциясына техник болып жұмысқа кірдім. Екі айдан соң басшылық мені жетекші инженер етіп ауыстырды. Маған теміржолдағы әрбір мамандық қызық. Барлығын істегім келеді, барлығын көргім келеді. Жол монтеры болып та істедім біраз уақыт. 2016 жылдың қарашасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бас маман болдым», – деді Сержан Әбілханұлы.

«Жас келсе, іске» деген. Жалыны бар, жастық жігері бар жас маманның көп ізденетіні басшыларға да ұнайтын. Сол Түлкібас станциясында жұмыс істеп жүргенде бір оқиға болған. Көктем кезі. Дистанция басшысы ол кезде Уәлихан Сергенов болатын, қазір марқұм болып кетті. Сержанды ОП-115 перегонына тексеру жұмыстарына жібереді.

«Тақ жолмен қарама-қарсы бағытқа кетіп бара жатқанмын. Бағытым – Тараз жақ. Жол бойы қой бағып жүрген кісіні байқадым. Бір уақытта ол маған айғайлап, артымнан жүк пойызы келе жатқанын ескертті. Бірден қауіпсіздік аймағына өтіп, ол вагондарды күтіп алып, шығарып салдым. Әрі қарай жұмысымды жалғастыра бердім. 500-600 метр шамасында ұзап, артыма қарап едім, әлгі кісі жол бойында, рельстің үстінде отыр екен. Үстіндегі киімі қоңырлау әлде сұрлау ма, әйтеуір бір қарағанда машинистке жолда жатқан шебіннен, тастан байқала бермейді. Мен оған «Абайлаңыз, аға, байқамай қаласыз, пойыз кеп қалуы мүмкін, жолға отырмаңыз» деп ескерттім. Естігендей болып тұрған сияқты еді, сөйтсем қайтадан отырып алыпты. Бір кезде пойыздың даусы естілді, Алматы-Сарыағаш жолаушылар пойызының келетін уақыты таяп қалғаны есіме түсіп, артыма қарасам, келе жатыр екен. Ал әлгі кісі әлі отыр. Айғайлап едім, ести қоймады. Дереу кепкамды бұлғап, жолдың жағасымен жүгіре бердім, жүгіре бердім. Әлгі кісі әлі отыр жайбарақат, ештеңені аңғаратын емес. Сол екі ортадағы посттан өткенде машинист мені байқап қалып, шұғыл тежегішін басқан екен. Ақыры, жиылып созылып, ысылдап-пысылдап әлгі адамға бес метр қалғанда тоқтап үлгерді», – деп еске алады Сержан сол оқиғаны.

Кейін белгілі болғандай, егер Сержан кепкасын бұлғап кері жүгірмегенде, машинист рельстің бойында адам отырғанын көрмейді де екен.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейтін әке тәмсілін өмірлік ұстанымына айналдырған жас жігіт 2018 жылы өзі білім алған Қазақ көлік және коммуникация академиясына келіп докторантураға емтихан тапсырады. Бұл жолы Автоматтандыру және басқару мамандығын игеріп шықты, Оқи жүріп, Алматы жол дистанциясында жол монтеры болып еңбек етті. Дипломын қолына алған соң, қайтадан елге оралды. Жақында ғана Жамбыл магистральдық желісінің жол бөліміне жетекші инженер лауазымына бекітілді.

Сержан Мырзабаевтың болашаққа жоспары көп және мақсаты да айқын. Саланың өркендеуіне үлес қосып, барлық жиған-терген білімін жұмсасам дейді. «Отызда орда бұзбаса, қырықта қамал алып не керек» дейді тәуелсіздік құрдасы.

Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі