Семейдегі 126 жас теміржолшы кәнігі мамандармен бірге алғаш рет қыс маусымында жұмыс істемек

«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай, қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп Абай хакім айтқандай, бүгінде ел шығысында «кәрі құда» қаһарына мінді. Өткен апталарда шығыстағы ауа температурасы кейбір жерлерде -17/ – 20 градусқа дейін төмендеді.

Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты барлық мекемелерде алдағы қысты алғаш рет теміржол бойында өткізетін жұмыскерлерді әзірлеу ісі толық аяқталды. Жалпы, соңғы жылдары шығыстағы бөлімше басшылығы теміржолшылардың осы санатына ерекше көңіл бөлуде.

Қыс маусымын алғаш рет желі бойында өткізетіндердің көпшілігі пойыз құрастырушылар, машинистер мен олардың көмекшілері, жолшылар, электр механиктері, өткел және теміржол станциялары бойынша кезекшілер екен. Қазіргі таңда арнайы оқу-тәжірибеден өткен олардың барлығы арнайы нұсқаулық аясында өзіндік білік жинаған. Ендігі аралықта олардың сол білім-біліктері жұмыста сыналатын болады.

– Сан түрлі акциялар барысында, арнайы өткізілген семинарлар мен тәжірибелік оқытуларда олар төмен температура жағдайындағы жұмыс жүргізу міндеттерімен таныстырылды. Сондай-ақ қысқы мезгілде қауіпсіздік шараларын ұдайы ұстану, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, штаттан тыс жағдайда батыл әрі дұрыс шешім қабылдау үшін өздеріне қажетті дағдыларды толық қалыптастырды, – дейді бұл орайда Семей ЖТ бөлімшесінің еңбекті қорғау бөлімінің жетекші инженері Бекзат Кәрімханов.

Бөлімше бойынша жұмысқа жаңадан келген 126 жас теміржолшының жанына еңбек өтілі мол, тәжірибелі мамандардан жетекшілер тағайындалған. Арнайы бекітілген тәлімгерлермен қатар олар еңбекті қорғау бөлімі мамандарының да назарында тұр.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, Семей