Жамбылдағы теміржолшылар қатты дауылдан бүлінген нысандарды дереу қалпына келтірді

17 қараша күні Жамбыл облысында оңтүстік-батыс бағыттан жылдамдығы секундына 30 метрден асқан жойқын желді дауыл соғып, табиғаттың тосын мінезінен аймақ біршама шығынға ұшырады, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Үмітбек Рысбековке хабарласып, дәл сол сәттегі қалыптасқан ахуалды сұраған едік. Ол теміржол және теміржолшылар дін аман, ешқандай шығын орын алмағанын хабарлады.

«Теміржолдағы ішкі тәртіпке сәйкес, желдің жылдамдығы секундына 20 метрден асатын болса, біздің мамандарымыз әркез төтенше ахуалға дайындық әрекеттеріне кірісіп кетеді. Расында, кешегі желдің екпіні қатты болды. Оған айналамызда орын алған жағдай, қираған, бүлінген нысандар, құлаған ағаштарды көрсеңіз, көз жеткізесіз. Ал бөлімшеге қарайтын аумақта сондай үлкен кедергілер туындаған жоқ. Екпіні секундына 30 метрге дейін жететін жел болатыны жайлы алдын ала хабарланды, сондықтан аймақ теміржолшылары етек-жеңін жиып дегендей сақ отырды. Соның арқасында шығынсызбыз. Кейбір пойыздарды тоқтатуға тура келді, сол себептен кешігулер орын алды. Электр бағандарының бір-екі тұсы үзілгенімен, тез арада түзеп үлгердік», – деді Үмітбек Рысбекұлы.

Ал Жамбыл жол дистанциясының жауапты мамандары екі-үш станцияның шатырына аз-кем зақым келгенімен, бүгін оны жөндегендерін жеткізді. Дабыл және электр дистанциясының өкілдері де ахуалдың тұрақты екенін айтты.

Жалпы, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, жедел қосылған қауырт желіге анықтамалық сипатта 400, көмек көрсету бойынша 17 қоңырау түсіпті.

«Тараз қаласында қатты желдің салдарынан түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге 51 адам хабарласты, 41 зардап шегуші тексеруден кейін үйлеріне жіберілсе, 10 адам ауруханаға жатқызылды. Мұның 3-еуі бала. Сондай-ақ, Тараз қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылында қайғылы оқиға орын алды, қатты желдің салдарынан үйдің шатырынан құлаған жасөспірім көз жұмды», – деді ол.

Департамент басшысы аймақта 50 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалғанын да мәлімдеді. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары авариялық-қалпына келтіру бригадаларының күшімен жүргізілген. Оған 150-ден астам қызметкер және 35 техника жұмылдырылды. Қатты желдің салдарынан 550-ден аса жеке және көп пәтерлі үйлердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарының, әкімшілік ғимараттардың шатырлары ұшқан. Материалдық шығын мен бүлінген объектілердің нақты санын арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі