Маңғыстаудағы магистральдық желі бөлімшесінің ойыншылары волейболдан өткен жарыста топ жарды

Тәуелсіздіктің отыз жылдығы құрметіне кәсіподақтың ұйытқы болуымен түбек теміржолшылары арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылуда. Жақында ерлер арасында волейбол жарысы өтті.

Сайысқа Маңғыстау қосалқы бөлімшесінің, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің, Маңғыстау станциясы мен вагон пайдалану депосының командалары қатысты. Теміржолшылардың орталық кәсіби одағының Маңғыстаудағы өкілі, бөлімше кәсіподағы ұйымының төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов пен Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау өңірі бойынша бас ревизоры, «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау бөлімшесі бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Дүйсәлиев жарысқа қатысушыларды құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

Финалға Маңғыстау қосалқы бөлімшесі мен магистральдық желі бөлімшесінің волейболшылары шықты. Дегенмен магистральдық желі бөлімшесі ойыншыларының байрақты бәсекеде бағы жанып, бірінші орынға ие болды. Бөлімше командасы екінші, ал вагон депосы үшінші жүлделі орынға ие болды. Жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықпен марапатталды.

– Алдағы уақытта бұл жарыс қыздар арасында жалғасын табатын болады. Ал оған дейін, осы айдың 19-да теміржолшыларымыз үстел теннисінен бақ сынасады, – дейді Маңғыстау теміржолында спорт нұсқаушысы Нұрайна Қыдырова.

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі