Қарақия станциясының ұжымы жұмыс орнын өз күштерімен жабдықтады

Төртінші класты Қарақия станциясы Жетібай мен Боржақты станциясының ортасында орналасқан, Маңғыстау станциясынан 70 км қашықтықта жатыр. Жақында осы станцияның ұжымы өз күштерімен жұмыс орнын талапқа сай жабдықтап, өзгелерге үлгі көрсетті.

Мұны станцияға жұмыс бабымен тексеріп барған Маңғыстау ЖТ бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов те мәлімдеді. Тәжірибелі теміржолшы Абай Зинеуғабитов басқаратын станцияның басты міндеті – Боржақты станциясы арқылы Құрық портынан және Болашақ арқылы Түркіменстан жақтан келген жүк вагондарын қабылдап, уақытында жөнелту.

– Станция шағын, 5 кезекші, 2 пойыз құрастырушы, 2 вагон қараушы, бір-бірден жүк қабылдап тапсырушы мен тауар кассирі бар. Тәулігіне 5-6 пойыз өтеді. Кезекшілер келген-кеткен жүк пойыздарын уақытында күтіп алып, шығарып салып отырады. Сонымен қатар станцияға келген пойыздарды тақ жағынан ағытып, тұйықтарға береді. Келген жүк болмаса, тиейтін жүк пандемия басталғалы азайды. Бүгінгі таңда көршілес Челябинск станциясынан диаметрі 630-530 мм 150 вагон газ құбырлары келіп жатыр. Оған қоса тамыз айынан бері Ақтөбе, Орал, Шымкент жақтан мал шаруашылығына қажет жем-шөп жеткізілуде. Олар уақытында тұйыққа беріліп, таратылады. Барлығы 3 жол, 7 тұйық бар, – дейді станция бастығы.

Станция ғимаратының ішкі-сыртқы тазалығы өте жақсы күтімде. Ұжым өз күшімен кеңсе бөлмелерін жабдықтап, түрлі нұсқаулар, қозғалыс қауіпсіздігі, стандартты емес жағдайда қозғалысты қалай ұйымдастыру керектігі жөніндегі стенділер іліп, жайнатып қойыпты.

Айына екі рет техникалық сабақ өткізіледі. Одан бөлек шұғыл жеделхаттар келгенде жоспардан тыс сабақтар да ұйымдастырылады. Құжаттарды ресімдеу АСУ ДКР жүйесі бойынша жасалады.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі