Сақтық шаралары әлі де жалғасуда

Аймақта қауіпті індеттің таралуын болдырмау үшін жаппай екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысқан қызылордалық теміржолшылардың 94,7 пайызы екпенің екі компонентін де алды.

Қызылорда ЖТ қосалқы бөлімшесі кадр бөлімінің бастығы Жанар Ибрагимова карантиндік сақтану жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанын айтты.

– Карантиндік шектеу жасыл аймаққа өткен кезеңде де бәсеңдеген жоқ. Қазір өңірдің сары аймақта болуына байланысты карантиндік шектеулер әлі күшінде қалып отыр. Бөлімшеге қарасты Қызылорда локомотив пайдалану депосының 99,5 пайызы, Қазалы вагон пайдалану депосының 96,7 пайызы, бөлімшенің жеке құрамы мен Сексеуіл станциясы теміржолшыларының 94,9 пайызы екпенің екі сатысын салдырып, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына өз үлестерін қосты, – деді Жанар Ибрагимова.

Магистральдық желі бөлімшесінің теміржолшылары да індеттің таралуына қарсы әрекет жасауда. Мәселен, Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы теміржолшыларының 99,7 пайызы, Қазалы жол дистанциясының 98,5 пайызы, Сексеуіл жол дистанциясы ұжымының 95,9 пайызы індетке қарсы екпе алған.

Теміржолшылар күнделікті жұмысқа кірісер алдында дәрігерлік тексеруден өткізіліп, сақтық шараларын қатаң сақтап жұмыс жасауда. Жұмысшылар гигиеналық құралдармен толық қамтылған.

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі