Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде тастаяқтан жарыс өтті

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен бильярд ойынынан жарыс өтті. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шараға бөлімшенің Сарышаған, Түрксіб, Қаратау, Жаңатас сынды станцияларынан жиырмадан астам теміржолшы қатысты.

Сала кәсіподағының аймақтық филиалының төрағасы Жұман Сәменов пен бөлімшенің бастауыш кәсіподағы ұйымының төрағасы Серік Ақшораев жарысқа қатысушыларды құттықтап, жеңіс жолында сәттілік тіледі.

«Тұңғыш Президент күнінің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі айрықша деп білемін. Елбасымыз мемлекетіміздің, оның ішінде теміржол саласының өркендеуіне, ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосты, теміржолдың экономиканы дамытудағы маңызды бағыт екеніне назар салды. Тұңғыш Президенттің «Теміржол – экономиканың драйвері» деп атауы бекер емес. Өйткені, егемендігіміздің отыз жылында батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғаған теміржол саласында қыруар шаруа атқарылды. Мұндай ілкімді істер легі алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Жұман Сәменов өз сөзінде.

Мемлекеттік Әнұран орындалып, теміржолшылар тастаяқ ойынын бастап кетті. Айта кетейік, бильярд ойынына қатысушылар қатарында Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Үмітбек Рысбекұлы да болды. Аймақта тастаяқ ойынының шебер ойыншысының бірі ретінде танымал басшы бұл жолы да әдемі ойын өрнегін көрсетіп, әріптестеріне асқан шеберліктің үлгісін көрсеткендей болды. Сондықтан, бәсекеде бірінші орынды жоғары бағамен иемденді. Екінші, үшінші орындарды Тараз станциясының кезекші операторы Нұрболат Сембек пен қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизор Медет Ұшақбаев өзара бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы кубок пен дипломдар, сый-сияпаттар табыс етілді.

Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі