ӘТЖК – 100 жыл: қауіпсіздікке құрылған күзет қызметі

«ӘТЖК» ЖШС-нің Семей филиалы өзінің жүз жылдық мерейтойына толайым табыспен жетіп отыр. Бөлімшенің 1394 шақырымдық телімі бойында нысандар мен жүк және жолаушы пойыздарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген күзетшілер жұмысы жүйелі.

Шекаралық аумақты қоса қамтитын, теміржол бойындағы күзетілетін нысандары көп осы Семей филиалының директоры Самат Райымбековтың айтуынша, ағымдағы жылдың өткен он айында күзетке 32728 пойыз, 846560 вагон алынып, толыққанды қамтылып, межелі станцияларға аман-есен жеткізіліпті. Филиал қарамағындағы нысандар да сапалы күзет жасақтарымен қамтамасыз етілгендіктен, ұрлық-қарлық, басқалай қылмыс орын алмаған. Әрине, әскерилендірілген күзет қызметі қылмыстың алдын алумен қатар, құқықбұзушылықтың жолын кесумен де ерекшеленеді.

– Жылдың өткен он айында филиалдың мобильді шұғыл әрекет ету тобының күзетшілері он үш ұрлық фактілерін тіркеп, ұсталған жиырма адамды желілік ішкі істер бөліміне тапсырды. Өткен жылмен салыстырғанда ұрлықпен ұсталған адамдар саны он бес пайызға артқаны байқалады. Бұл әрине бізді де алаңдатып, қырағылықты күшейтуімізге түрткі болып отыр, – дейді филиал басшысы Самат Ғазизұлы.

Семейлік әскерилендірілген күзет қызметі қатарында біліктілігі мен күш-жігерін аямай, адал еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Атап айтқанда филиалдың күзет ұйымдастыру бөлімінің бастығы М.Қыңырбеков, 1-ші санатты инженерлер К.Ахатаев, Қ.Базарғалиев, А.Мұхамеджанов сынды өз ісінің шеберлерін айтуға болады.

Сонымен қатар, филиалдың шұғыл оңтайлы әрекет ету тобының бастығы Ш.Мамырбеков, Өскемен-1станциясы атқыштар командасының бастығы Қ.Нығметжанов, осы команданың аға күзетшілері Б.Сырымбаев, А.Мұқашев, күзетші А.Оспанов, Семей станциясының атқыштар командасының күзетшілері А.Қақабаев, А.Ахметов, Қ.Ахмадиев, Қ.Тілекова, Аякөз станциясының АК күзетшілері Д.Байсағызов, Шар станциясының атқыштар командасының күзетшілері Б.Нұрғазин, Б.Құрманғалиев сынды қызметкерлер өз міндеттерін абыроймен атқаруда.

Осы орайда өзінің өкілеттік шеңберінде өндірісте қауіпсіздік және саламатты еңбек жағдайының жасалуына атсалысып жүрген ұжымның кәсіподақ ұйымы төрағасы Амантай Қатпеновті сөзге тартқан едік. Ол бүгінгі таңда филиалдың барлық командала- рында еңбекке қажетті жағдай жасалғанын айтады. Бәрінде ас ішетін, киім шешетін, демалыс бөлмелері мен жуынатын бөлмелермен жабдықталған. Күзетшілер жазғы және қысқы қызметтік киіммен толық әрі уақытылы қамтылуда. Мұның сыртында әр команда қызметтік автокөлікпен, арнайы құрал-жабдықтармен, байланыс құралдары және қызметтік қару-жарақпен де қамтамасыз етілген. Сол тәрізді филиалда спорттық жаттығу залы, күзет қызметінінң өткені мен бүгінгісін айқындайтын тәрбиелік маңызы бар стендтер ілінген.

«ӘТЖК» ЖШС Семей филиалының ұжымы алдағы уақытта да өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға толық мүмкіншілігі бар. Бүгінгі таңда ол үшін барлық жағдай жасалып отыр», – деп сендірді күзет қызметінің басшысы Самат Ғазизұлы.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, Семей