Арыстық қырағы вагон қараушы қауіптің бетін қайтарды

Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық теміржолшының міндеті. Дегенмен, жылжымалы құрамнан ақаулы вагонды табу – вагон қараушының басты жұмысы. Демек, теміржолда апаттың болмауына вагон қараушылардың жауапкершілігі екі есе деген сөз.

Егер олар өз жұмысында қырағылық танытпаса, жауапкершілікпен қарамаса, талай ақаулы вагондар қос рельс бойымен зуылдап жүріп, бір күні морт сынып немесе жарылып үлкен апаттың орын алуы әбден ықтимал. Жуырда арыстық вагон қараушы осындай бір қауіптің алдын алды.

Арыс вагон пайдалану депосына қарасты Түркістан техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушысы Әріпжан Байметов 29 қазан күні №3422 жүк пойы- зының №70714654 вагонынан ақау тауып, қозғалыс қауіпсіздігіне төнген қатерді жойды. Ол әдеттегідей вагон дөңгелектерін бақылау балғасымен ұрып көріп келе жатып, бір вагоннан дыбыстың өзгеше шыққанын аңғарып қалды. Әбден мұқият тексере келе, бір кілтипанның барына көз жеткізеді. Ақау туралы ақпаратты вагон қараушы дереу аға вагон қараушыға, одан ол Арыс вагон пайдалану депосы бастығының орынбасары Данабек Сүлейменовке шұғыл жетеді. Қауіп расталып, ақаулы вагон ағытылып, жөндеу цехына жөнелтіледі.

Қырағы вагон қараушы Әріпжан Байметовтің еңбек өтіліне биыл 30 жыл толады екен. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы теміржол саласына келген ол, жұмысын слесарь болудан бастаған. Бұған дейін де бірнеше ақауларды анықтап, қауіптің алдын алған қырағы вагон қараушыны сыйақыға ұсыну қарастырылуда.

Айта кетейік, вагон шаруашылығы бойынша 18 қазан мен 18 қараша аралығында «Назар аударыңыз, автотіркегіш құрылғы!» атты айлық өткен болатын.

«Қазақстан теміржолшысы» ведет летопись железной дороги Казахстана.