Маңғыстаулық жас теміржолшы жүк пойызының бір вагонындағы автотізбекте сызат барын анықтады

Бейнеу станциясындағы Маңғыстау вагон пайдалану депосы техникалық қызмет көрсету қосынының вагон қараушысы автотізбектен тағы бір күрделі ақау тауып, апаттың алдын алды.

Бұл жолы небәрі үш жылдық тәжірибесі бар, жас та болса тиянақты жұмысымен көзге түсіп жүрген вагон қараушы Нұрболат Китжановтың қырағы назарына іліккен ақау Бейнеуге Тассай станциясынан келіп тоқтаған жүк пойызының бір вагонындағы автотізбектен анықталған. Бұған дейін де ол вагоннан ақауды дер кезінде тапқан еді.

– Ақтау портына қарай бағыт алып бара жатқан құрамның жүк вагонынан табылған сызат кәдімгідей жарыққа айналуы мүмкін еді. Өзім байқаған ақауды дереу аға вагон қараушыға хабарлап, мұқият тексере келе акт толтырылып, вагон пойыздан ағытылып, ағымды жөндеу жүргізетін 6-тұйыққа жеткізілді, – дейді Нұрболаты Китжанов.

Вагоншылар күнделікті 12 сағаттық ауысымда 7-8 пойызды қарап, техникалық қызмет көрсетеді. Талапқа сай бір пойызға 6 вагон қараушыдан бөлі- неді. Маңғыстаулық вагоншылар кәсібилігімен және қырағылығымен көзге түсіп жүр, газетіміздің өткен санында «Автотіркегішке назар» айлығы аясында түрлі дәрежедегі ақау анықтаған түбектік вагон-қараушылар туралы айтқан болатынбыз.

Жас теміржолшы Нұрболат Бейнеу ауданында дүниеге келіп, Ақтөбеде теміржол саласында арнайы білім алған. Отбасында бауырларының бәрі – теміржолшы. Қауіпті ақауды анықтағаны үшін Нұрболат арнайы сыйақыға ұсынылды.

«Қазақстан темір жолы» газетінің тілшісі