Қызылорда қалпына келтіру пойызына 85 жыл

Қызылорда қалпына келтіру пойызының ұжымы 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Әріптестерін айтулы датамен құттықтаған теміржолшылар «теміржолдың жедел жәрдемі» аталған қалпына келтіру пойызының ұжымына сала игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі мен «Теміржол» партия филиалы төрағасының атынан ұжым озаттарына марапат табыс етіліп, ерен еңбектеріне алғыс айтылды. Мекеме бастығы Берік Әбжаппаров барша ізгі тілектер мен құттықтауларға ұжым атынан алғысын білдіріп, аймақ теміржолында пойыздардың қауіпсіздігін сақтау жолында қызмет атқаруға қашан да дайын екендерін жеткізді.

– Қызылорда қалпына келтіру пойызында отыз жылға жуық еңбек еттім. Ол кезде бүгінгідей техника көп емес, ескі-құсқының күтімін жасап, қайта-қайта жөндеп қолданатынбыз. Қайрат Баданов, Ғани Алтынбек, Андрей Кошмандар жақсы біледі, біз сол сатыдан өттік. Ал, қазір барлық техника жаңарған, бәрі автоматтандырылған, бір ғана «ХЕШ» техникасы көтеру, түсіру, орнынан жылжыту секілді бірнеше жұмысты бір мезетте атқаратын әмбебап құрылғылармен жабдықталған, бүгінгі әріптестеріміз үшін біз қуаныштымыз, мерейтой құтты болсын! – деді зейнеткерлер атынан сөз алған Марат Оспанов.

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі