Қызылордалық байырғы теміржолшы кейінгі толқын өкілдерімен кездесті

Қызылорда локомотив пайдалану депосының мұражайында байырғы машинист, депоның бас инженері, бөлімше басшысының локомотив пайдалану жөніндегі орынбасары болып өнегелі еңбек еткен Ораз Өмірзақұлымен кездесу болып өтті.

«Нұр Отан» париясынынң жергілікті «Теміржол» филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаеваның партияның кешенді шаралар акциясы негізінде ұйымдастыруымен өткен кездесуде тарлан теміржолшының өткен өмірі үлгі етіліп, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұшырасқан қиыншылықтар мен кедергілер, оларды жеңу жолында аға ұрпақтың ерлікке пара-пар іс әрекеті сөз болды.

Әнуар Төлегенұлы мен Аманжол Әлімбаевтардың шәкірті болған Ораз Өмірзақұлы өз шәкірттерімен де мақтана алады. Мәселен Қалтай Әбдіразақов, Болат Ибадуллаев, Генадий Шиповских Орекеңнің шәкірттері.

Арыс пен Қазалыда машинистер даярлайтын курстан машинист көмекшісі кәсібін игеріп өндіріске араласқан Ораз Өмірзақұлы салада сатылай өсіп, депо басшысының орынбасары, бөлімше басшысының локомотив пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне дейін еңбек жолынан өткен. Тәжірибелі теміржолшымен кездесу мазмұнды да әсерлі болды.

«Локомотившілер өз заманының бесаспап маманы болған ардагер Оразбек Өмірзақовпен кездесуінде бесаспап теміржолшының аймақ теміржолын дамытуға қосқан үлесі жастарға үлгі етілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдай мен атқарылған жұмыстарға шолу жасалды. Ардагердің әңгімесінің өзегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде отандық теміржолдың қалай жұмыс жасағаны, қазақстандық локомотив деполарында жүзеге асқан үнем, қауіпсіздікті сақтау, т.т. мәселелер сөз болды. Ол кейінгі жастар үшін тәрбиелік мәні бар сабақ дер едім», – дейді «Теміржол» филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаева.

1991 жылдары орын алған дағдарыс кезінде Қызылорда локомотив депосында бастау алған реформалардың бірі – тепловоздарды модернизациялау болып табылады. Нәтижесінде мыңнан астам теміржолшының жұмыс орны сақталып, өндіріс тоқтаусыз жұмыс істеді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тепловоздарға қажетті қосалқы бөлшектердің тапшылығы сезіле бастады. Тығырықтан шығу үшін депо жанынан қосалқы бөлшек дайындайтын капрон цехы, пластмасса цехы, жөндеу цехтарын ашып тепловозды жөндеуге қажетті бөшектерді өзіміз шығарып, дайындау жұмыстарын бастады. Майталман теміржолшы Лепес Жаниязовтың ұйымдастыруымен талай жұмыс жүзеге асырылды. Тепловоз қозғалтқышына керекті бөлшектер, резеңке цехында резеңке төсемелері құйылды. Дизелдің су тұратын адапторлық шарбылары қолдан құйылды, капрон цехында жанар-жағар май бактары мен қосымша бөлшектері әзірленді. Жалпы депода тепловозға қажетті заттың қолдан келгенін дайындауға күш салынып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның арқасында дағдарыстан қиналмай шығып, теміржолдағы қозғалысты тоқтатқан жоқпыз. Бұл жұмыстар бертінге дейін, теміржол саласына жаңа, заманауи технологиялар, «Эволюшн» тепловоздары қолданысқа енгізілгенге дейін жүргізілді. Бүгінде міне, ескіні жамап-жасқаудың күні өтті, өндіріске су жаңа тепловоздар келіп, қуаттылықты арттырды, – деп естелік айтты Ораз Өмірзақұлы.

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі