Тәуелсіздік құрдастары: темір тұлпарды тізгіндегендер

Олар – еліміз егемендік алған жылы дүние есігін ашқан бақытты ұрпақ. Тәуелсіздік таңы атқанда дүниеге келген төртеу – Данияр Сағатбек, Әділхан Сейітов, Мұхтар Әбілхан және Медет Әшімов бүгінде Қызылорда локомотив пайдалану депосының машинистері.

Орда бұзар отыз жастағы жігіттер отандық темір жол көлігінің өркендеуі жолында тер төгіп, теміржолшы кәсібін мұрат тұтқан кешегі аға буынның даңқты жолын абыроймен жалғап келе жатқан жас буын өкілдері. Данияр тепловоз машинисі болса, Әділхан, Мұхтар, Медет машинист көмекшілері. Жас та болса ұжымда сенімге ие болып үлгерген олар Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келгендерін мақтан тұтады. Сонымен қатар, өздерінің кәсіби міндеттерін мінсіз атқаруға тырысады. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген ұстаныммен кез-келген істе бір біріне көмек қолын созып, кемшілікті дер кезінде жоюға ұмтылады.

Тәуелсіздік құрдастары бір күнде тепловоз кабинасына отырған жоқ, бірі алғашқы еңбек жолын слесарлықтан, бірі машинист бригадаларын жұмысқа дайындауда көмекші болып бастап, білім мен тәжірибе жинап, тепловоз тізгініне ие болған.

– Тәуелсіздік қастерлі ұғым. Біздің депода «Тәуелсіздік құрдастары» деп ерекше көңілмен қарайтын бір топ жас әріптестеріміз бар. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Бәрі де ұқыпты, еңбекқор жастар. Маған ұнайтыны олар бір-біріне көмектесіп жүреді, қоғамдық жұмыста да елдің алдымен қимылдайтын, бастама көтеретін осы жастар, – деп пікір білдірді депо бастығы Жұлдызбай Мұсаев.

«Біздің депо – аймақтағы ең ауқымды, ғасырдан аса тарихы бар, байырғы депо. Жұмысымыз тасымалдаумен байланысты болғандықтан тепловозды күту, жүргізу, қабылдап-тапсыруда «сен машинист, мен көмекші» емес, тең деңгейде жұмыс атқарамыз. Тәуелсіздікпен қатар өсіп келе жатқан ұрпақпыз. Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда бір жылға есейгенімізді сеземіз де қуанамыз және өзімізге қосымша жауапкершілік жүктейміз. Барлық қиындыққа шыдап, төзуге болады, тек Тәуелсіздіктің тұғыры биік те берік болсын», – дейді тәуелсіз елдің ұландары атынан Данияр Сағатбек.

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі