Жем локомотив пайдалану депосының ұжымы әріптес рұхына тағзым ретінде шағын футболдан жарыс өткізді

Жем локомотив пайдалану депосында ұзақ жылдар қызмет атқарған Бауыржан Құлбасановты еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жергілікті теміржол мекемелері арасында өткен шараға қала әкімі Әлімжан Қорғанбай қатысып, теміржолшылардың игі бастамаларына қолдау танытты. Қызықты да тартысты өткен турнир жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өмір жолын еңбек майданына арнаған теміржолшының отбасы алғыс айтып, үздік ойыншыларға арнайы жүлде берді.

«Бауыржан марқұм 52 жыл ғұмырында үлгілі теміржолшы ғана емес, жақсы әке, туысқа қамқор, досқа адал жан болды. Үздік машинист болып қана қоймай, осы депода қаншама шәкірт тәрбиеледі. Еңбегі ерен әріптесіміздің рухына тағзым ету – азаматтық борышымыз», – дейді Жем локомотив пайдалану депосының басшысы Дәулет Жалмұхамбетов.

Бауыржан Ұзақбайұлы Құлбасанов өмірінің соңғы жылдарында Жем локомотив пайдалану депосының бастығының орынбасары міндетін атқарған. Жем бойында туып өскен ол еңбек жолын 1986 жылы Ақтөбе локомотив жөндеу депосында слесарь болып бастаған. Ұзақ жылдар Ақтөбе локомотив депосында тепловоз машинист көмекшісі, машинист болған. 2011 жылдан 2020 жылға дейін Жем локомотив пайдалану депосында бастықтың пайдалану жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

 

 

Ақтобе облысы бойынша меншікті тілшісі