Маңғыстау вокзалында полиция өкілдері азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Маңғыстауда «Тоқтаңыз! Басып кету қаупі бар!» акциясының төртінші кезеңі жалғасуда. 16 қараша күні Маңғыстау теміржол вокзалында желілік полиция мен прокуратура өкілдері азаматтарды қабылдап, құқықтық түсінік жүргізді.

– Мақсат – азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін арттыру, тұрғындар мен балалар арасында темір жолда оқыс жағдайға ұшырау, жарақаттанудың алдын-алу, тұрған пойыздардың астынан, үстінен және теміржолдың белгіленбеген жерлерінен өту сынды ереже бұзушылықтар үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын ескерту. Пойыздардың адам басып кету фактілерін болдырмау, осы тұрғыдан қауіпсіздікті сақтау мақсатында Маңғыстау теміржол вокзалындағы «Led» экранда бейнероликтер көрсетіліп, жолаушылар мен вокзалға келушілерге дауыс күшейткіш арқылы теміржол бойындағы ережелер көрсетілген әртүрлі буклеттер таратылды. Көрнекі жерлерге «Тоқтаңыз! Басып кету қауіпі бар!» атты билборд ілінді. Жолаушылар пойыздарында да жадынамалар таратылды. ӘТЖК қызметкерлерімен бірлескен рейд жүргізілді, – деген Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Н.Қуановтың айтуынша, акция аясындағы профилактикалық іс-шаралар алда Өзен және Жетібай станцияларында жалғаса бермек.

Онда оқушылар және колледж студенттерімен де кездесу жоспарланған. Сонымен қатар бөлімше инспекторлары мектеп оқушыларына теміржолдағы жүріс-тұрыс ережелері жөнінде дәріс оқып, арнайы ойындар ұйымдастырмақ. Мұнайлы аудан әкімдігі жанында орналасқан орталық саябақтағы «Led» экранынан қауіпсіздікке қатысты ролик көрсетілмек. Еске сала кетейік, бұл профилактикалық акцияның бірінші кезеңі 23-29 тамызда өткен еді. Екінші және үшінші кезең қыркүйек пен қазан айларында жүргізілді.

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі