Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде сыбайлас жемқорлық мәселесіне арналған отырыс өтті

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жиын өтіп, сыбайлас жемқорлық пен терроризм және экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары пысықталды.

Басқосуды ашқан бөлімше директоры Үмітбек Рысбеков теміржол мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қамтамасыз ету және оған қарсы тиімді саясатты іске асыру мақсатында құқық бұзушылықтарды жасаудың алдын алудың профилактикалық іс-шаралары тұрақты жүргізіліп тұратынын айтты.

«Бөлімшеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты жұмыс істейтін штаб құрылған. Жедел штабтың негізгі міндеттеріне сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және аталған бағыттағы құқық бұзушылықтардың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу кіреді», – деген Үмітбек Есмұратұлы, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен теміржол көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасалғанын еске салды.

Осы құжаттың аясында «Адал жол» жобалық кеңсесі құрылған. Бұл орталық компанияның тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, орталық аппарат пен оған еншілес ұйымдардың азаматтарына көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға жәрдемдеседі.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, құрылымдық бөлімшелер мен еншілес ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуіне, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі шараларды енгізу бойынша ұсыныстарды іске асыруға күш салады екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру жұмыстарына да белсенді атсалысатын көрінеді.

Үмітбек Рысбеков қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және ауыстыру кезінде құқық бұзушылық фактілерін болдырмау үшін бос лауазымдарға конкурстық іріктеу рәсімдерінің ашықтығы қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Персоналды жалдау, бағалау, жоғарылату және жұмыстан босату кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді болдырмау үшін қолданылатын шараларды жеткізді.

Жалпы, қоғамның дерті саналатын бұл мәселеге қатысты тұрақты мониторинг жүргізіледі. Селекторлық кеңестерде станция басшыларына Заңға және компанияның жергілікті актілерінің талаптарына сәйкес лауазымдық міндеттерін орындау үшін жауапкершілікті күн сайын күшейту қажеттігі ескертіледі, жемқорлық пен терроризм – індет, онымен жұмыла күрессек қана жеңеміз», – деді Үмітбек Есмұратұлы.

Басқосуда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов, ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілі Батырбек Атамқұлов, Жамбыл көлік прокуратурасының прокуроры Азамат Кемеңгеров және басқа да сала мамандары сөз сөйледі. Олар тақырыпқа байланысты өз салаларындағы соңғы өзгерістерді, ұсыныс-пікірлерін, ойларын жеткізді. Ортақ проблемаларды талқылап, бұдан былай да бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

«Қазақстан теміржолшысы» ведет летопись железной дороги Казахстана.