Қарағанды-Сұрыптау станциясында «Жабайы саудамен» айналысатындар мәселесі қаралды

Темір жол вокзалдары мен станцияларда «жабайы саудамен» айналысатындар тыйылмай тұр. Күйбің тіршілік қамымен азық-түлік сатуды кәсіп қылғандардың тауары өте күмәнді екені айтпаса да түсінікті.

Басқасын былай қойғанда, санитарлық талап сақтала қоймайтыны анық. Жолаушылар ол тағам түрлерін сатып алмағанның өзінде, қауіптің басқа түрі қылаң береді. Көше саудасының көрігін қыздырып жүргендер жеңіл-желпі тағамдарды дайындағанда көбінесе газ баллондарды пайдаланады. Ал, ол баллондарды қолданғанда техника қауіпсіздігі ережелері қатаң сақтала ма? Жалғыз шойын жол ғана емес, жалпы елімізде жиі болып жатқан жантүршігерлік қайғылы оқиғаларды елеп-ескерсек бұл үлкен проблема. Сондықтан осы шаруаға жауапты мамандар кулинарлық өнімдерді, мал және құс етінен жасалған тағамдарды арнайы сауда орталықтарынан, мейрамханалардан, кафелерден алуды ұсынады. Себебі, бұл орындарда тамақ дайындауға және сақтауға қажетті барлық жағдай жасалған. Арнайы қызметтің рұқсаты бар. Ең бастысы, өнімнің шығарылған мерзіміне назар аудару керек. Сөздерінің жаны бар, егер жол үстінде ішіп-жеген тамақтан жолаушының денсаулығына нұқсан келіп жатса кім жауапты? Заңды түрде кәсіпкерлікпен айналысып жатқан нысандар болса, даулап құнын өндіріп алуға болар. Ал, сайда саны, құмда ізі қалмаған көше саудагерлерін қайдан табамыз?

Адам денсаулығы таразыға түсетін осы мәселенің түйінін тарқату үшін «Стихиялық сауда, тоқтаңыз!» акциясы аясында Қарағанды-Жолаушылар станциясында семинар-кеңес өтті. Оған «Қазақстан Темір-Жолы», Қарағанды көлік прокуратурасының өкілдері мен Қарағанды-Сұрыптау станциясы ЖПБ бастығы қатысты. Басқосу барысында Қарағанды-Сұрыптау ЖПБ-нің бастығы А.Дүйсембеков  бейберекет сауда-саттықтың кесапатын егжей-тегжейлі түсіндірді. Тұрғындар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған толымды жауап алды.

Сонымен қатар, Полицияның сервистік моделі де туралы сөз болды. Бұл модельдің негізінде мемлекеттік инстиутттардың азаматтарымен серіктестік қарым-қатынасы жатыр. Сол арқылы құқықтық тәртіптегі мәселелерді анықтап, бірлесіп шешу мақсаты  көзделеді. Аталған кеңес тұрғындарға қол жетімділікпен  қатар көлік саласымен тығыз серіктестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.