Маңғыстаулық теміржолшы Айбек Отаров: «Дүниеде біреуге кіріптар болғаннан сақтасын...»

ҚТЖ келбеті
31.12.2021, 09:41
Шахида Жұман

Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші

Маңғыстаулық теміржолшы Айбек Отаров  осынау отыз жылдық еңбек жолында  қарапайым механиктен бастап жол дистанциядағы барлық жұмыс сатысынан өтіп, нағыз шыңдалған маманға айналды.

Бірнеше жыл инженер-технолог, еңбек қорғау инженері, мамандығы бойынша инженер-механик болды. Бүгінде  Маңғыстау жол дистанциясында бас механик. Бұл – дистанциядағы ең жауапты жұмыстың  бірі. Қарамағында отыз-қырық автокөлік, оншақты теміржол техникасы бар. Мекемедегі жол монтерлерінің жұмыс орнына барып-келуін көлікпен қамтамасыз ету, құрылыс-жөндеу және басқа да жұмыстарға көмекші техникалардың сақадай сай болып, май-суы, қажет болса күрделі, орташа жөндеуін ұйымдастыру тағысын тағы техникамен байланысты жұмыстың бәрі мойнында. 

- Әкем түбекке теміржол тартылған тұста Қызылордадан жолдамамен келіп, Маңғыстау станциясындағы №86 теміржол мектебінде ұстаз болды. Бірақ, айналамыздың бәрі теміржолшы болғасын ба, біз - отбасындағы үш ағам мен екі апам бәріміз осы кәсіпті таңдадық, - дейді кейіпкеріміз.

Моңголияда әскери міндетін өтеп келіп Маңғыстау жол дистанциясына жұмысқа тұрған оны бір жылдан соң  жолдамамен Алматыдағы теміржол институтына оқуға жібереді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалғанда  ол осы институттың механикалық факультетінде бірінші курста оқитын студент екен.

-Сізді желтоқсан оқиғасын көзбен көрген деседі, айтып беріңізші сол оқиға туралы?

-16 желтоқсан күні әдеттегіше оқудан шығып жатақханаға келгенбіз. Радиодан  Қонаевтың орнынан түсіп, орнына  Колбин дегеннің тағайындағанын естіп,  төбеден тау түскендей аңтарылып қалдық. Арадан 3-4 сағат өткесін орталық алаңға жастар жиналып жатыр дегенді естідік. Екі өкпемізді қолымызға алып ұшып барсақ,  шынында да алаң толы жастар. Ел тізгіні Колбинге тигеніне наразы. Естуімізше, алдымен КАЗГУ-дің заң факультетінің  студенттері заңды алға тартып, Лениннің әр елдің басшысы өз ұлтынан болу керек деген сөзін басшылыққа алып алаңға барыпты. Бұларды ешкім елемей, полиция қуып шығады. Содан Алматыда жатақханаларды аралап хабарлағандар бар, студенттер бір-біріне жеткізіп,  орталық алаңға жан-жақтан жастар тоқтаусыз ағылып жатты. Бірақ жастар қанша көп жиналғанмен, онымен санасқан ешкім болмады. Алаңдағыларға өрт сөндірушілер су шашып, жан-жақтан полиция қыспаққа алды. Ашу-ызаға булыққан жастар алаңдағы мраморларды сындырып, тасын ата бастады. Бір-екі машинаны өртеді...

- Тек жастар ғана болды ма алаңда, ересектер ше?

- Екінші күн алаңға халық кешегіден екі есе көп жиналды,  арасында үлкен адамдар да бар еді. «Қойыңдар, арандап қаласындар» деп ақыл айтып жатқан адамдар да кездесті. Бұл күн де қақтығыстармен өтті. Жас жігіттер мен қыздарды сары машинаға тиеп әкетіп жатты. Күшіміз жеткенше бермей, тартып алып қалуға тырыстық. Адамдардың іштегі ызасы сыртқа шыққандай күн сұмдық аяз болды сол күндері. Ал кешкілік жатақханамызға халық алдында жүрген белгілі адамдар келді. «Бармаңдар, босқа жазым боласыңдар» деп ақыл айтты. Албырт жастар оны тыңдай ма? Оның үстіне кешегі көргеніміз бар, кіжінген, ызаланған жастар ештеңеден тайынбайтын еді. Үшінші күні де халық көп жиналды. Әскерилер алаңды қоршап алған, кіргізбейді. Сонда да жастар топтасып, патриоттық әндер айтып, өлең оқып, ұрандатып тұрды. Ақүйден екі тілде «тараңдар» деген сөз сөйлеп жатты. Сол кезде мен үш-төрт жігітпен жоғарылау жерде тұрғанмын. Түрлері базарда жүретін бұзақылар секілді төрт-бес жігіт келді де қолдарындағы ұзын-ұзын қада ағаштарын әскерилерге лақтыра бастады. Соны күтіп тұрғандай олар да «алақайлап» жастарды қуа жөнелді. Осындай-осындай арандатулар, бейбіт шеруге шыққан жастардың атын былғап, нашақорлар мен маскүнемдер деген атау алып берген секілді.  Жалпы, желтоқсан оқиғасының ерекшелігі,  қылышынан қан тамған кеңестер одағында 15 елдің  ішінде бірінші болып біздің жастар қорықпай ұйымдасып шығып, талабын білдірді. Сондықтан, мен үшін бұл шынымен Тәуелсіздік бастауы болған күн. 

- Алаңға шыққаныңыз кейінгі өміріңізге зардабын тигізген жоқ па?  

- Сол оқиға кезінде де суретке түсіріп жүргендер болды. Мен фотоаппаратқа ілінбей қалған болуым керек, еш жерде атым айтылып, қысым көрмедім. Аман есен оқуымды бітірдім. Өкінішке орай ондай бақыт алаңға шыққан жастардың көбіне бұйырмады. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде қатты толқып жылағаным есімде, көз алдыма 86 жылдың сол үш күні келді. Ақ қар, көк мұзда алысып -жұлысқан жастар, көбісі ашқұрсақ, киімдері де жұқа еді.  Ойласам әлі күнге жаным ауырады, - деп мұңайды Айбек ағамыз.  

1990 жылы оқу бітіріп, Алматыдан бір басы екеу болып елге  оралған  ол сол өзі еңбек жолын бастаған  Маңғыстау жол дистанциясы шеберханасының жөндеу цехына қарапайым механик болып жұмысқа қабылданады. 1991 жылы тұңғыш қызы дүниеге келеді. Сосын ұлы мен кенже қызы туып, енді ғана аяққа тәй-тәй басып жатқан егемен елмен бірге бұл жас жанұяның да түтіні түзеліп, перзенттері өсіп өнеді. 

 -Құдайға шүкір, бүгін ешкімге алақан жаймай, өз түтінімізді өзіміз түтетіп, өз арбамызды өзіміз сүйреткен елміз. Дүниеде біреуге тәуелді болғаннан сақтасын, басқаның бәрі сөз емес,- дейді түбектік теміржолшы Айбек Отаров.

Шахида Жұман

Жаңалықтар
29.03.2024
Қалпына келтіру пойызының арнайы техникасы Атасу станциясындағы қарғын суды бұруға тартылды
Жаңалықтар
29.03.2024
"Қазтеміртранс" АҚ өзінің жылжымалы паркін ұлғайтты
ҚТЖ келбеті
29.03.2024
Жылғаның жол шебері
Аймақтар
29.03.2024
Абай елінде Наурыз мейрамы ерекше тойланды
Жаңалықтар / Мұрағат
29.03.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №27-28 29 наурыз 2024 жыл
Аймақтар
29.03.2024
Ақтөбелік теміржолшылар ұлттық дəстүрді жаңғыртты
Спорт
29.03.2024
Маңғыстауда «Наурызнама» онкүндігі аясында спорттық сайыстар өтті
Инфрақұрылым
29.03.2024
Түркістанда өткен келелі кеңестер
Жаңалықтар
28.03.2024
Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтасуға дайын – Тоқаев
Аймақтар
28.03.2024
Әз-наурыз қасиет дарып, құт қонған Түркістанда өтті
Аймақтар
28.03.2024
Берекелі мереке
Инфрақұрылым
28.03.2024
Аққұм – Талап учаскесінде күрделі жөндеу басталды
Аймақтар
28.03.2024
Достық станциясында «Қыз сыны» байқауы өтті
Аймақтар
28.03.2024
Атырауда Наурыз мейрамы жалпыхалықтық сипат алды
Жаңалықтар
28.03.2024
KTZ Express және Chengdu International Railway Port Investment & Development Co Ltd келіссөздер жүргізді
Жаңалықтар
28.03.2024
Ұлттық дәстүр ұлықталған күн
Жаңалықтар
28.03.2024
Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
Жаңалықтар
27.03.2024
Қауылжыр станциясында пойыздар қозғалысы қалпына келтірілді
Жаңалықтар
27.03.2024
Теміржолдағы су тасқыны жағдайы күнделікті бақылауда
Жаңалықтар
27.03.2024
Батыр Котырев ҚТЖ корпоративтік омбудсмені болып тағайындалды