2017-2020 жылдар аралығында ресейлік «Металлоинвест» компаниясы Ақтөбедегі рельсарқалық зауытына 600 мың тонна фасонды және рельс прокатын жеткізбек. Екі кәсіпорын арасында осы мақсатта ұзақмерзімді құжатқа қол қойылғаны белгілі болып отыр. Қол жеткізілген шешімге сәйкес, рельстік және фасонды шикізат өнімі «Уральская Сталь» өндіріс орнынан тиеледі деп күтілуде. Сөз болып отырған аралықта, яғни  2017-2020 жылдар ішінде  аталған кәсіпорыннан 600 мың тонна өнім жеткізіледі деп жоспарланып отыр. — "Металлоинвест" пен «Ақтөбе рельсарқалық зауыты» арасында қол қойылған ұзақмерзімді келісім біздің қазақстандық серіктесіміздің тарапынан үлкен сенім барын білдіреді. Алдағы уақытта шикізат өнімдерінің сапасына ғана емес, жеткізілудің сенімділігіне де мән беретін боламыз, - дейді «Металлоинвест» компаниясының бас директоры «Металлоинвест» Андрей Варичев. Айта кетейік, Ресей компаниясы 2016 жылдың ақпан айында да рельсарқалық зауытымен шикізат жеткізу жөнінде келісімге отырған болатын. Ол кезде өнім «Металлоинвест» компаниясына қарасты Оскольский электрометаллургиялық комбинатынан тиелетін болған-ды.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе