«ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Атамекен» ҰКП  өкілдері еліміздегі вагондар тапшылығына байланысты бірлескен отырыс өткізді. Жиында компания басшылығы  вагондар тапшылығы мәселесіне орай ахуалдың алдын алу ұсыныстары мен 2017 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.  Компания басшысы Қанат Алпысбаев пен «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Кулаков кәсіпкерлік палатасы өкілдері мен аймақтардағы темір жол арқылы жүк жөнелтетін жеке кәсіпкерлер сұрақтарына жауап берді.   -Нақты белгіленген баға шарттарын көрсете отырып, жүк жөнелтушілермен тікелей ұзақ мерзімді келісім-шарт жасау, жылжымалы құрамдардың іс жүзінде берілгендігіне қарай электронды сауда аукциондарын құру, жүк тасымалдау кезінде ашық вагондарды пайдалануды ұйымдастыру жөнінен барлық мүдделі тараптардың қатысуымен бірлескен штаб ашу, жүк тиеу және түсіру операцияларына уақытты қысқарту бойынша шаралар алу, атап айтқанда, үдерістерді механизациялау, жол тармақтары иелерінің кіреберіс жолдардағы инфрақұрылымын дамыту көзделуде, - деді компания басшысы.    Сонымен қатар ҚТЖ тарапынан ұсынылған шаралар қатарында бір орталықтан басқарылатын жол иелерімен келісім орнату арқылы ашық вагондарды бір паркке шоғырландыру мүмкіндіктерін қарастыру да бар. Бұған қоса қазақстандық жүк жөнелтушілердің кепілдік берілген тапсырысы негізінде ресейлік вагондар паркін тарту да көзделіп отыр.    Акционерлік қоғамның тасымалдау үдерістерін оңтайландыру және жүк тиеу, түсіру операцияларын жетілдіру туралы баяндаған О. Кулаков осы жылға арналған жұмыстар тізбегінде 3000 жүк вагонына қол жеткізу бар екенін жеткізді. Сонымен қатар биылғы жылдың жоспарында 283 жүк вагонына күрделі жөндеу жүргізу, 69 локомотивті жаңарту, жолдың үстіңгі қабаттарына күрделі жөндеу жүргізіп, 764 км рельс ауыстыру, 229 жолаушылар вагонын жаңарту, транзиттік тасымалды дамыту, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.

Райхан РАХМЕТОВА