Нарғыз ҒАБДУЛЛИНА, АТЫРАУ
Құрманғазыға пойыз тоқтайды
1 мин чтения
Атырау облысының Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданына қарасты бірнеше ауылының тұрғындары облыс орталығына пойызбен қатынауға мүмкіндік алды.
Жылдар бойы шешімін таппаған мәселе түйіні шешіліп, бүгіндері аудан халқы темір жол мен жергілікті әкімдікке алғыс жаудыруда. Облыс орталығынан үш жүз шақырымдай қашықтықтағы шалғай аудан халқының өтінішімен кезінде Д.Нұрпейісова бекетіне пойыздың аялдауы жайлы газетке бірнеше рет мәселе көтерілген. Өткен жылы Ресейге таяқ тастам жерде жатқан ауыл халқы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуде де осы мәселені шешіп беруді аманаттаған болатын. Әкімі пойызды бекетке тоқтатып, халықты орталыққа жеткізуге мүмкіндік жасайтынына сөз берген еді. Міне, халыққа берілген уәде орындалып, шекаралық ауыл тұрғындары облыс орталығына пойызбен баруға мүмкіндік алды.
Енді Шортанбай, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова және Қиғаш, Көктоғай елді мекендерінің 8 мыңға жуық тұрғыны үшін Атырау-Астрахань пойызының құрамына 1 вагон тіркелуімен бұл мәселе шешімін тапты. «Астрахан-Атырау» бағытындағы пойыз Дина Нұрпейісова бекетіне тоқтап, он бір минут аялдайды. Бұл жерден теміржол кассасы ашылып, аудан халқы талай жылдан бері өзекті болып келген мәселенің оң шешімін тапқанына риза.