Нарғыз ҒАБДУЛЛИНА, АТЫРАУ
Теміржолға саяхат
2 мин чтения
Атырау облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы Атырау бөлімшесіне қарасты кәсіпорындарды аралап, теміржолшылар өмірімен танысты.
Жасөспірімдер Ірілендірілген Атырау жол дистанциясы, Белгі беру және байланыс дистанциясы мен Атырау локомотив пайдалану депосының жұмысымен танысып, темір жол саласы, теміржолшы кәсібі туралы кеңінен мағлұмат алды.
Ірілендірілген жол жөндеу дистанциясының бас инженері Жәнібек Жұнтырбаев жас жеткіншектерді ұжымның тарихымен, осы жерде еңбек етіп, «Еңбек ері» атанған Латиф Шахатов пен Бақай Кереев сынды аты аңызға айналған тұлғалармен таныстырды. Бұдан соң, оқу-жаттығу алаңы, рельс жолдарының құрылысы, ақауын қалай анықтауға болады, тағы басқа қызықты мағлұматтарға қаныққан жастар жолдық техника түрлерін де тамашалады.
Әрі қарай белгі беру-байланыс дистанциясы мен локомотив депосында болған жастар теміржол деген тек жолаушылар мен жүк пойызының қатынасы ғана емес, ол әлеуеті жан-жақты дамыған алып сала екенін түсініп, теміржолшы деген кәсіпке қызығушылықтары туындағанын байқауға болатын еді.
Шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Атырау Жүк тасымалы бөлімшесінің кадр бастығы, «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Бауыржан Қартан теміржол мамандығына қызығушылық білдірген жасөспірімдерге арнайы экскурсия ұйымдастырудағы бір мақсат – Елбасы Жолдауында айтылғандай, жастардың кәсіптік-техникалық білім алуына мүмкіндік жасау екенін жеткізді.
Экскурсия аяқталған соң, Ірілендірілген Атырау жол дистанциясының кәсіподақ төрағасы Нұрғали Есенов жас жеткіншектерге теміржолшылар атынан спорттық бұйымдар табыс етті.