Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Абырой – адал еңбекте
2 мин чтения
Жуырда ұзақ жылдар бойғы еселі еңбегін Семей станциясының дамуына сарп еткен үш бірдей аға буын теміржолшыны әріптестері айрықша қошеметпен зейнеткерлікке шығарып салды.
Айрықша қошеметпен дегенді жай айтып отырған жоқпыз. Зейнеткерлікке «ұзатылып» жатқан аға буын өкілдері еңбек демалысына абыроймен аттанып отыр. Семей станциясының басшысы Ғабит Есқожанов оны өз сөзіне арқау етті.
–Өздеріңіздің ақ-адал еңбектеріңізбен сіздер жастарға жол көрсетіп, қызмет барысында бағыт-бағдар сілтеп, кейінгі буынның көпшілігі үшін ұстаз бола білдіңіздер. Жаңа буын сіздерге қарап бой түзеді. Ал қызметі қауырт станция жұмысының алға басуына қосқан үлестеріңіз өз алдына жеке құрметке ие. Сіздер қырық жылдан аса осынау салада табан аудармай еңбек етіпсіздер. Станция қызметінің небір күрделі кезеңдерінде де қайраткерлік танытып, ұжымды жетістіктерге жетеледіңіздер. Міне, осы үшін де сіздерге айтар алғысымыз зор. Әлі де ұжымнан қол үзбей мереке сайын жүздесе береміз деген үміттеміз, – деді өз лебізінде Ғабит Ғазизұлы.
Айта кетсек, ұзақ жылдар бойы станцияның кадр бөлімінің меңгерушісі болған Сәуле Серғазина, жүк қабылдаушы Наталья Естомина, станция кезекшісі Татьяна Борисқызы бұл күні әріптестерінің ыстық ілтипатына бөленді. Құшақтары алқызыл гүлге толған сала мамандары да кезегімен сөз алып, пікір білдіріп, алғыстарын жеткізді. Қырық жылдан аса қызмет еткен осынау жұмыс орындарын, бауыр басқан ұжым мүшелерін қимайтындықтарын жеткізіп, көздеріне жас та алды.
Ал станцияның бас инженері Болатқан Тоғызбаев өткен күндерден естеліктер шертті.
Әлбетте, мұндай кеш сыйлық-тартуларсыз болмайды. Станция теміржолшылары зейнеткерлікке аяқ басқан әріптестеріне ақшалай және заттай тарту-таралғылар жасады.