Сұлугүл БАКЕСОВА
Миллион тонна газ тасымалданады
2 мин чтения
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы ЖТ-Алматы бөлімшесіне қарасты Достық станциясында жақында қолданысқа берілген газ терминалынан бірден Қытайдың 18 цистернасына ірі көлемде, яғни 720 тонна сұйытылған газ құйылып, пойызбен жөнелтілді.
Бұл - газ тасымалдау ісінде жиырма жылдан бері шешімін таппай келе жатқан түйінді мәселеге біржолата нүкте қойды деп айтуға болатын шара.
–Соңғы он жылда елімізде газ өндірісі белсенді қолға алынды. Үлкен өндіріс ошағынан өнімдер көрші елдерге өткен жылдары арнайы автокөліктер арқылы тасымалданып келді. Енді Достық станциясындағы газ терминалының жаңадан техникалық жарақтандырудан өтуіне байланысты Қазақстанда газ шаруашылығын тасымалдаудың екінші тынысы ашылып отыр. Осыған орай, теміржолшылар алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Биыл темір жол көлігімен 1 миллион тонна газ тасымалдау жоспарға енгізілген. Өйткені, газ тасымалын пойызбен ұйымдастыру автокөліктерге қарағанда әлдеқайда тиімді. Бірінші рет, 12 қаңтарда Достық станциясынан Қытайдың Куйтун станциясына цистерналарға 700-ден астам тонна сұйытылған газ құйып, жөнелттік. Жаңа газ терминалы жұмыс процесін едәуір жеңілдетіп отыр, – дейді Достық станциясы директорының жүк жұмысы жөніндегі орынбасары Мадияр Омаров.
Елімізде өндірілетін газдың сапасына отандық тұтынушылар ғана емес, таяу және алыс шетелдегі, соның бірінен саналатын Қытай мемлекетінің тұтынушылары да жоғары баға беріп отыр. Қазақстанның газ өндіріп, оны әлем нарығына шығаруға барлық мүмкіндігі бар екенін, соның жарқын көрінісі ретінде, Қытай елінің отандық өнімдерді үлкен көлемде сатып алушылардың алғашқылар қатарынан көрінуін атар едік.
–Газ тасымалын жүзеге асыруда Достық станциясы еңбеккерлеріне жүктеліп отырған міндет пен жауапкершілік жоғары. Алда тасымал көлемін миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. Достық станциясының ұйымшыл ұжымы бұл жұмысты абыроймен атқарып, сенім үдесінен табылуға бір кісідей табандылық танытатын болады, – деді сеніммен директордың орынбасары Мадияр Омаров.