Жүйткіген уақытпен жарысқан пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі ең өзекті мәселелердің бірі болса, сол қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырған мамандардың жауапкершілік жүгі де күн тәртібінен ешқашан түспейтіні түсінікті. Қауіпсіздікке жауапты маманның  бірі  Бөбеш Марданова отыз жылдан астам уақыт Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясында электромеханик болып қызмет атқарып келеді.  1982 жылы сол кездегі Гурьев темір жол көлігі техникумын «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және байланыс» мамандығы бойынша бітіріп келген жас маман арада сыныптай сырғып отыз жыл өткенін байқамай қалғандай.  Техникумда оқып жүріп алғашында өндірістік тәжірибеден өтуге келген студент қыздың ұқыпты да тиянақты тірлігін ұнатқан дистанция басшылығы оқу орнын тәмамдаған соң, 1982-ші жылдың 7-ші шілдесінен бастап оны 4-ші санатты электрожөндеуші етіп жұмысқа қабылдапты. Міне, содан бергі 34  жылға жуық уақыт ішінде қызметінде бірде-бір ескерту алмастан, абыройлы еңбек етіп келеді. –Бөбеш Марданова білікті мамандарымыздың бірі. Бізде тіпті «Бөбештің мектебі» деген ұғым қалыптасқан, себебі жаңадан келген жас мамандарды алдымен тәжірибеден өту үшін осы кісінің «мектебінен» өткіземіз, – дейді Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясының директоры Мақсот Тарғынов қызметкері туралы жылы лебізін білдіріп. Аппаратуралардың жұмыс арнасын реттеп отырған маман біз барғанда түрлі құрылғылар мен қондырғыларды жайып тастап, қызу жұмыс үстінде отыр екен.    Айтпақшы, Бөбештің жары Бауыржан Абуғалиев те Ақжайық постында  электромеханик екен,  осы жерде танысып отбасын құрған олар бүгінде ұлағатты шаңырақ құрып, ұл-қыз тәрбиелеп отыр.  

Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

Атырау