Екінші класты Манкент станциясында қысы-жазы жұмыс қарбалас, мұнда қашан да  тиелетін жүктен түсірілген жүк ауқымды. Себебі,  жанар-жағар май құю бекеттері станцияның төңірегінде болғандықтан, бензин, газ, дизель отыны құраммен келеді. Станциядағы аға жүк қабылдап-жөнелтуші Нигара Рашидованың айтуынша, өткен жылы 3329 вагонға жүк тиеліп,  9113 вагоннан жүк түсірілген.  Ал биылғы жылдың қаңтарында 481 вагон жүк  жөнелтіліп, түсірілгені 665 вагонды құраған. Екінші класты бекет дәрежесіне өткеніне екі жыл болған станцияның жұмыс көрсеткіші кейде жоспардан асыра орындалады.  Әрі жолаушылар үшін де тоғыз жолдың торабында орналасқан қолайлы станция.  – Қаңтарда 124 вагон кебек келді. Малдың азығы болатын осы кебек өткен жылы ай сайын 100-150 вагонға тиелді. Себебі,  бізге жақын Қарабұлақ ауылының тұрғындарында мал басы көп. Шымкент қаласын етпен қамтып отыратын негізінен осы ауыл болғандықтан, кебекке сұраныс жоғары. Сайрам өңірінде қызанақ пен қиярды банкіге консервілейтін шағын кәсіпорындар  қаңтарда 10 вагон өнімін тиеді.  Одан өзге 200 вагон бензин, 64 вагон дизель отыны,  35 вагон  газ, Солтүстіктен 113 вагонға тиелген бидай,  73 вагоннан көмір түсірілді. Бидай жақын жердегі диірмендерден ұнға айналып, Орталық Азияға жіберіледі.  Мәселен, кешегі айда Өзбекстанға 73 вагон  ұн,  Ресейге 37 вагон мақта, 12 вагон газ, 337 вагон қиыршық тас жөнелтілді,– дейді Нигара Рүстембекқызы.

Динар МЕЙІРМАН, Шымкент