«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы «KTZ Express» АҚ Қытайға 1800 тонна астықты жөнелтуді жоспарлаған болатын. Қытайлық серіктес – «CRIMT» мультимодальды көлік компаниясымен бірге Төңкеріс – Қырқыншы – Достық – Сиянь бағдары бойынша еншілес компания иелігіне жататын 20 футтық контейнерлері бар пилоттық пойызға бөліп-бөліп салынған астық бүгін көршілес елге қарай бағыт алды. –Толыққұрамды контейнерлік пойыздарға жүк көлемінің артуы және жүк жөнелтушілердің кірме жолдарында инфрақұрылымның шектеулілігіне байланысты біз автокөлік қызметін тарта отырып, контейнерлік тасымалда мультимодальды үлгіні жасап шығардық. Сонымен контейнер тасушыдағы бос контейнерлерге астық элеваторында астық тиелген соң әрі қарай Қырқыншы станциясына, «Continental Logistics» ЖШС көліктік-логистикалық орталығына түсіріліп, алдағы контейнерлік пойыздар құрамына құрылу үшін жеткізіледі,– дейді «KTZ Express» АҚ контейнерлік тасымал департаментінің директоры Алмат Каримов. Қазақстан дәстүрлі астық экспорттаушы екені белгілі, сондықтан мультимодальдық шешімдерді қолдану арқылы осындай жобаларды ұйымдастыру, жеке терминал инфрақұрылымының болуы Қытай бағытында ғана емес, басқа да алыс-жақын шетелдерге астық тасымалы экспортының көлемін арттыруға қосымша серпін береді деп күтілуде. Аталған бағыттағы жолдың ұзындығы 4495 км. Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмоланың астығы Жалтыр станциясынан тұңғыш рет Қытайдың Ляньюньган портына жөнелтіліп, әрі қарай  Вьетнамның Хошимин портына жол тартқан еді. Бұл істі де «KTZ Express» акционерлік қоғамымен және  Ляньюньган қаласындағы «Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырған. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, шекаралық станциялар күшін нығайту, құрғақ порттар, шоғырландыру орталықтары мен жүк ағымын дистрибуциялау бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. «KTZ Express» АҚ – осы бағыттағы жұмыстарды орындауда өз қызметін ұсынатын, барлық қатынас түрлері бойынша көліктік-логистикалық қызмет көрсететін ұлттық мультимодальды оператор болып табылады.  KTZ Express жүкті жеткізу мерзімдерін қысқартады, кедендік рәсімдерді, көлік және коммерциялық құжаттарды рәсімдеуді ұйымдастырады, сондай-ақ Қытай – Еуропа бағыты бойынша 16 күнге дейін жүкті жеткізу жылдамдығымен көлік-логистикалық қызметтердің кешенін ұсынады.

            Райхан РАХМЕТОВА

Суретті түсірген Сергей ВОЛОШИН