Арсен БАЙЗАҚ, Тараз
Ұлттық стандарттар енгізілуде
2 мин чтения
Бүгінгі күні еліміз алдағы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қызу дайындық жасауда. Соның қатарында халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің халықаралық стандарттарға сай болуы да күн тәртібінде тұрған жайт болып отыр.
Бес бірдей облысты басып өтетін автокөлік дәлізінің бойында тарихи жәдігерлердің дені шоғырлануы да осы халықаралық көлік дәлізінің сапасы мен жол бойындағы тұрғындарға қызмет көрсететін нүктелердің ұлттық стандартқа сай болуын талап етеді.
2015 жылдың шілдесінде ҚР Ұлттық стандарттар тізбесі енгізілген болатын. Ал «ҚазАвтоЖол» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Туғанованың айтуынша, жол бойындағы сервис қызметі, оның талаптары бойынша облыста 192 нысан идентификациялануы керек болса, олардың тек 35-і ғана «С» және «Д» санаттарына кіреді екен.
–Облыста 2017-2018 жылдары ұлттық стандарттар талаптары бойынша жол бойындағы сервисті жандандыру бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Оның ішіне халықаралық көлік дәлізі бойына орналасқан 15 кешеннің 34 нысаны кіріп отыр. Жұмыс нәтижесінде арнайы карта жасалады. Бұл жергілікті кәсіпкерлерге де жасалып отырған қамқорлық. Егер жол бойындағы нысандардың санаттары жоғары болса, соғұрлым сервистік қызметінің аумағы да кең болады, – дейді Айжан Туғанова.
Бұл күндері бұл жұмыстарды жемісті әрі жедел жүргізу «ҚазАвтоЖол» АҚ Жамбыл облыстық филиалы қызметкерлерінің жауапкершілігіндегі ең маңызды жұмыс болып отыр.