ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «ҚТЖ- Жүк тасымалы» АҚ филиалы Атырау  жүк тасымалдау бөлімшесі ұжымымен кездесіп, Елбасы Жолдауына байланысты түсінік берді. –«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудағы халық игілігі үшін атқарылар ауқымды шаралар,  жүзеге асырылар кешенді жобаларымен құнды. Бұған дейінгі жалпыұлттық мәні бар стратегиялық бағдарламалардың жалғасы іспетті бұл Жолдауда да кем-кетігіміз сарапталып, кемшін тұстарымызды толықтырар іс-шаралар айқындалған, – деді топ жетекшісі Бақытгүл Хаменова. Теміржолшылар мәжіліс депутаттарына жолдауға  қатысты өз сауалдарын қойып, сонымен қатар ұсыныс-тілектерін де жолдады. Солардың қатарында сөз алған Атырау станциясының бас инженері Бекжан Жиенбетов:  – Елбасы Жолдауында айтылғандай, биыл республикалық маңызы бар 4400 км автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмекші. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 км пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі. Осы игілікті бастама Атырауда да жүзеге асырылып,  халықтың қатынауында үлкен қолайсыздық туғызып отырған республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» тас жолы жөндеуден өтсе деген тілек бар халықта, – деген ұсыныс жеткізді. Сондай-ақ, жиналғандар мәжілісмендерге медициналық сақтандыру, Жолдауда көрсетілген шағын несие, зейнетақы мәселесі жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын да қойып, тұжырымды жауап алды.

Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,

Атырау