Әрбір ақаудың артында апатты жағдай тұратынын теміржолшыларға жақсы мәлім. Сондықтан, олар жұмыс ақаусыз жүрсе ұтқанымыз деп біледі.Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының байланысшылары ағымдағы жылдың алғашқы айы ешбір ақаусыз және жайлы өткендігін айтады. Мекемеде әр айдың соңында қондырғылардың жайын, жұмыс сапасын бақылау үшін өтетін жиын барысында жұмыс үйлесімділігі, жоспардың дұрыс орындалуы бағаланып отырады. ─ Қаңтар айында ешбір ақаусыз, қиындықсыз жұмыс жасадық. Қондырғыларымыз қауіпсіздікке нұқсан келтірмей, сапалы жұмыс жасап шықты. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бізде тек бір ақау болған екен, - дейді дистанцияның қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Асқар Утесинов.Оның айтуынша, Бейнеуден Болашаққа дейін 27 КТСМ қондырғылары бар. Олар өтіп бара жатқан пойыз дөңгелегіндегі ақауды, оның қызуын, тағы басқа әлсіз тұстарын анықтап отырады. Қондырғы көмегімен осы жылдың қаңтар айында 6310 пойыз бақылауға алыныпты. Оның ішінде КТСМ қондырғыларының көрсеткіші бойынша 3 пойыз тоқтатылған. Мамандардың айтуынша, желілік байланыс құрылғылары, спутниктік байланыс жүйелері биыл да, өткен жылы да ешбір іркіліссіз жұмыс жасаған.