Арменияның  Цахкадзор қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің құзіретті органдар министрлерінің қатысуымен көлік саласына қатысты 6-шы кеңесі өтті. Бұл басқосуда қазақстандық делегацияға ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі вице-министр Р.В.Скляр жетекшілік етті. Кездесу барысында Одаққа мүше-мемлекеттердің Үйлестірілген (келісілген) көлік саясатының негізгі бағыттары мен іске асыру жөніндегі Жол картасын дайындау, азаматтық жолаушылар ұшақтарының жекелеген түрлерін бажсыз әкелу мерзімін ұзарту, Кеме қатынасы келісімінің жобасын келісу туралы, автокөлікпен жүктерді тасымалдау каботаждық бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ, Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі шеңберінде «Еуразиялық апта» форумын өткізу бойынша мәселелер талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Үйлестірілген көлік саясатының негізгі бағыттары мен іске асыру жөніндегі Жол картасы құрылымы және жұмыс тобының құрамы бекітілді. Сондай-ақ, азаматтық жолаушылар ұшақтарының жекелеген түрлерін бажсыз әкелу мерзімін ұзарту бойынша көлік, сауда және өнеркәсіп саласы бойынша сарапшылар отырыстарын өткізу туралы, сондай-ақ, ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айында Ресей тарапынан мемлекетішілік келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін Кеме қатынасы туралы келісімнің жобасын талқылау жөніндегі сарапшылардың кездесуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, Көлік саласындағы Еуразиялық экономикалық одақтың уәкілетті органдарының министрлерімен Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу туралы шақыру қабылданды.

Нұрбек БЕКЕН