Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында Маңғыстау, Дәулет, Баянды, Қызылтөбе, Атамекен, Басқұдық, Батыр дейтін жеті ауыл бар. Бұл елді мекендерде мал ұстап,  пайдасына кенеліп отырған қожалықтар баршылық. Дегенмен, олардың бір ақсайтын жері – малды еріктерімен жіберуінде. Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы әкімшілігі осылай деп дабыл қағуда.  Олар ауыл әкімдеріне арнайы хат жолдап, онда жергілікті билік өкілдерінен темір жол бойына бағусыз жайылған малдардың пойыздардың жүруіне кедергі келтіруінің алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, темір жол маңында мал бақпау туралы түсінік жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың малдарын есепке алдырып, әр селодан арнайы мал бағатын бақташылардың ұйымдастырылуына ықпал етуді сұраған.  Ауыл әкімдері де бұл істі жедел қолға алып, тұрғындармен жұмыс жүргізуді бастап кетті. Мысалы, Дәулет ауылы әкімдігі 50-ге жуық  мал қожалықтарының иесін жинап алып,  темір жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін  малға арнайы бақташы жалдауды  немесе қораларында ұстау керектігін ескертіп, ендігі жерде көшеде қараусыз жүрген малға айыппұл салынатынын, онымен қоймай тұраққа қамалатындығын түсіндірді. Ал,  ауылдық ветеринариялық станцияның фельдшері Кемал Тұржанов наурыз айынан бастап жоспар бойынша сібір жарасына, күл, оба, қарасан ауруларына қарсы егу жұмыстары жүргізіле бастайтындығын хабарлады.

Әсел ТАҢАТАРОВА,

Маңғыстау