Қызылорда теміржолшыларының  мерейі облыс көлемінде тағы да үстем болды. Темірдей тәртіпке бас иген аймақ теміржолшылары қай қырынан болсын жақсы жағынан  танылып, көш басынан көрінуді дәстүрге айналдырғандай. Еңбекқорлығы мен кәсіпке деген адалдығы және жауапкершілігі  қызылордалық теміржолшыларды бірнеше мәрте Ұлттық компания бойынша салалық жарыстың жеңімпазы етіп, межеленетін жоспарды мінсіз орындап шыққанын  көрсеткіштерінің жоғарылығымен паш етті.   Ал бұл жолы 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің «Теміржол» бастауыш партия ұйымы облыстағы 269 еңбек ұжымдары арасында ең үздік аталымына лайық деп табылып, партия төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаевтың қолынан арнайы бағалы сыйлықпен марапатталды. –Біздің бастауыш партия ұйымының өткен жылғы жұмыс қорытындысымен ең үздік саналуы – ортақ жеңісіміз. Партиялық жобалардың темір жол саласы еңбеккерлері арасында іске асырылуына атсалысып жатқаны барша партияластарымыздың мерейі. Облыс басшылығының қабылдауына шақырылған 20 ұжым ішінде Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Қазалы вагон пайдалану депосы және Ірілендірілген Қазалы жол дистанциясының ең үздік ұйым атануы аймақ теміржолшыларың ауызбіршілігі мен татулығы, қоғамдық белсенділігінің бір көрінісі деп  білеміз, – дейді ұйым төрағасы әрі бөлімшенің персоналмен жұмыс бөлімі басшысы Нұрлан Бимұратов.

Сабырхан НӘДІРБАЕВ, Қызылорда