Семей  вагон пайдалану депосының ұжымын ақпанның ақырған  аязы мен бұрқыраған бораны қорқыта алған жоқ. Қыстың үшінші айының алғашқы күндерінен бастап термометр бағаны 25-30 градустан түспей, уақытының көбін далада өткізетін вагоншыларды қатал сынаққа алды. Оның үстіне биыл үсті-үстіне жауған қалың қар да ұйытқыған боранмен көтеріліп, қайта-қайта жолды жауып, қосымша жұмыс жасауда. Жол бөліміне қатысты барлық мекемелер қармен күреске адам бөліп, телімдер бойын,  вокзал мен станция, басқа да тұрмыстық-әкімшілік ғимараттар маңдарын ақ ұлпадан тазартуда. «Қырық градус аязда да жұмыс істеген бізге,  20-25 градус суық қалыпты жағдай, күздің күні десек те болады», – деп күледі аға вагон қараушы Жұмабек Бекбосыновтың ауысымындағы қайсар жігіттер. Ұзын сапты балғалары мен істік темірлерін алып доңғалақтардан сыр тартып жүрген жігіттердің «бес қаруы сай» көрінеді, үстерінде қалың жұмыс киімі, жылы бәтеңке, биялай, қысқасы табиғаттың қай құқайына да төтеп беретіндерін танытып қарсы беттен соққан желге қасқая қарап жұмыс жасауда. Вагон қараушылар Дәурен Ахатаев, Қайрат Кеңесбеков, Руслан Жакуповтар қатып қалған тығындарды алып, ауа үрлеп, барлық механизмдердің жұмысын қалыпқа келтіріп жатыр. Айтқанға жеңіл, әйтпесе жиырма бес, отыз градус аязда темір жолдың бойында қатып тұрған темір вагондарды айналып,  әрбір бөлшек-тетікті түртіп, ақау іздеу оңай емес.  Бұл пойыз тоқтап тұрғандағы көрініс, ал ол қозғалысқа түскенде, желдің екпінімен аяздың еселей түсетіні айтпаса да түсінікті. Соның әсерінен кейбір тетіктердің істен шығуы әбден мүмкін. Сондықтан вагонның әрбір бөлшегі асқан кірпияздықпен, мұқият қаралып, жіті тексеруді қажет етеді. –Аязды күндері әсіресе, тежегіштерге ерекше назар аударылып, соңғы уақыттарда сынуы жиілеп кеткен бүйір рамасы да, үлкейткіш әйнектердің көмегімен жіті қаралады, – дейді аға вагон қараушы Жұмабек Бекбосынов.

Ерлан Ғазез, Семей