Өз отаныма оралдым
2 мин чтения
Астана ірілендірілген жол дистанциясының кадр бөлімінің маманы Дана Абулхиянованың туған жері Ресейдің Омбы қаласы. 2011 жылы бала кезден естіп өскен атамекені Қазақстанға оралған бойжеткен өзін отаныма оралдым деп санайды.
Елордаға алғаш келгенде әсем қала алғашқыда тосырқай қарсы алғандай болғанымен, келе-келе әбден бауыр басып, бүгінде өзін өмір бойы осында тұрып келе жатқандай сезінеді екен.
– Ата-анам әлі де Омбыда тұрады, мұнда туыстарым бар. Кезінде ата-бабаларымыз осы жақтан, Ерейментаудан қоныс аударған екен. Мамандығым заңгер. Астанаға келер алдында қазақ тілін үйрену үшін бірнеше ай курсқа бардым. Өйткені, өмір бойы орыс мектепте оқып, араласатын ортам орыс тілді болғандықтан ана тілінен білетінім аз еді. Жұмыс іздегенімде осы жол дистанциясы мені бірнеше ай тәжірибелік сынақтан соң, кадр бөліміне қабылдады. Қуанышымда шек болмады. Өз туған тілімді терең меңгергім келіп, аудармамен де айналыса бастадым, бүгінде жетістігім жаман емес, – дейді мақтанышпен жас маман.
Бүгінде жолшылардың жұмысқа қажетті құжаттарын дайындауды еркін меңгеріп кеткен Дана, аз уақытта теміржолға бауыр басып кеткені сонша, қалған өмірін осы саламен байланыстырғысы келеді. Соның айғағы ретінде ол екінші жоғары оқу орны – Алматыдағы жол қатынастары университетіне сырттай оқуға түсіп, биыл жол инженері мамандығын алып шықпақ.
– Қанша дегенмен, туған жерің, Омбыны сағынбайсың ба? – деген сауалымызға: – Әрине, сағынамын. Омбыда қазақтар аз болғандықтан ба, ауызбірліктері өте мықты. Тіпті кейбір салт-дәстүрлер сол жақта берік сақталып, аталып өтетінін байқадым. Бірақ, кішкентай күнімнен ата-анам, әжелерім атамекеніміз Қазақстан туралы айтатын әңгімелері ертегідей естілетін. Сондықтан, сол отаныма оралған мен бақытымды осыннан тапқым келеді, басқа елді аңсамаймын, – деп аяқтады сөзін Дана.
Райхан РАХМЕТОВА, Астана