Ерман Әбдиев, Жамбыл
Зауыт жұмысшыларымен кездесті
1 мин чтения
«Нұр Отан» партиясының облыстық және аудандық мәслихат фракцияларының мүшелері Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауын талқылаған жиында аудандық мәслихаттың депутаты Қайрат Мадалиев модераторлық етті.
– Бұл құжатта республикамыздың экономикасын дамытатын басты міндеттер белгіленген және олар орындалғанда Қазақстанымыз ең дамыған 50 елдің қатарына енетіні сөзсіз, – деді халық қалаулысы. Оның айтуынша, Тәуелсіздік жылдары қазақстандықтар бірлігін нығайтып, бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтап қалды, енді бүгінгі күні осы жетістіктер Жолдауда қойылған міндеттерді атқарудың кепілі. Ал облыстық мәслихаттың депутаты, Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының директоры, Құрметті теміржолшы Қайрат Терлікбаев Жолдаудағы бірқатар міндеттер мен мақсаттар Республикамыздың әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.
–Біздің міндетіміз – қойылған мақсаттардың орындалуына ықпал жасау. Сол кезде өткізетін жаңғыру экономикалық дамудың кепілі болмақ, ал бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын көтеретіні сөзсіз, – деді ол. Сондай-ақ зауыт ұжымының өкілдері де пікірлерін ортаға салды. Олар, Елбасы Жолдауы қазіргі экономикалық жағдайда қалай әрекет жасаудың өзіндік жоспары іспеттес және Елбасы еліміздің даму жолдарын нақты белгілеп беріп отырғанын айтты. Сондықтан да, зауыт жұмысшылары өз өнеркәсіптерін жаһандандыруға атсалысып, өнімділікті жоғарылататындарына сендірді.